Кәсіби журналистика тексерілген ақпаратқа негізделуі керек – Бақтыгүл Бурбаева

24 Наурыз 2022, 12:21
4010
Бөлісу:
Кәсіби журналистика тексерілген ақпаратқа негізделуі керек – Бақтыгүл Бурбаева
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бір қарағанда, медиаэтика деген ұғым түсінікті сияқты. Дегенмен оны тарқатып айту үшін арнайы маманға жүгінуге тура келеді. Түркістан облысының журналистері мен баспасөз хатшыларына, журналистика факультеті студенттері мен қоғамдық ұйым өкілдеріне арналған медиаэтика тақырыбында тренинг өтті. Біз осы тренингтің ұйымдастырушысы әрі тренері, «Қазақстанның медиа желісі/KazMediaNetwork» бірлестігінің атқарушы директоры Бақтыгүл Бурбаевамен медиаэтика төңірегінде сөйлескен болатынбыз. 

 – Журналистерге арналған тренингте неліктен медиэтика мәселесін көтеріп, дәл осы тақырыпты негіз етіп алдыңыздар?

– Жыл басынан бері біз журналистерге кәсіби ғана емес, физикалық тұрғыдан да қауіп төне бастағанын көрдік, бұл медиаэтика мәселесімен байланысты. Сондай-ақ, пандемия аздай, оған украин трагедиясы қосылды, біздің ақпарат айдынымыз өзге елдің фейк және пропагандалық материалдарынан қатты зардап шегіп келеді. Міне, осы тұста сапалы журналистиканың рөлі арта түседі, ал ол кәсіби этикаға негізделген. Медианың базалық принциптерін оқысаңыз, неліктен журналистиканың негізі медиаэтикамен байланысты екені түсінікті болады.

– Медианың базалық принципі деген не? Осыған тоқтала кетсеңіз? 

– 2020 жылы Бастамашыл топ медианың базалық принциптерін әзірлей бастады. Оған Бас редактор болып марқұм әріптесіміз – Михаил Дорофеев, командада Қанат Сахария, Арманжан Байтасов, Жұлдыз Әбділда, Санжар Менисов және өзім де бармын, атсалыстық. Зумда 250-ден аса журналист және медиа мамандармен отыздан аса конференция өткіздік. Армения, Украина, Ресей, Қырғызстан, Жапония, Литвадағы әріптестеріміз де өз тәжірибелерін бөлісті. Соның арқасында біз Медианың негізгі принциптерін жасап шықтық. Әрбір журналист мамандық таңдар кезде қоғамға қызмет жасауға келіседі, яғни әрбір азаматтың құқығы барын, бір азаматтың құқығы басталған жерде басқаның құқығы аяқталатынын есте сақтайды. Дегенмен, журналистік қызметтің ең маңыздыларына мыналар жатады: қоғамның нақты шынайы ақпарат алуға құқы бар, адам құқын құрметтеу, тәуелсіздік пен алаламау, аудитория алдындағы шыншылдық пен жауапкершілік. Қате кетсе, оның болғанын мойындап түзету, саяси қызметті журналистикамен араластырмау. Біз құрылтайшының редакцияның жұмысына араласпауын яғни контентке бас редактордың жауапты екенін үнемі айтумен келеміз. Барлық жарнамалық материалдар мен орындалған мемтапсырыстар да арнайы белгімен белгіленуі қажет. Пресс-турдың материалы егер жарнамалық болса, «төленген» деп, төленбесе «редакцияның материалы» деп көрсетілгені дұрыс.

Өзіңіз білесіз, кәсіби медиа плагиатқа жол бермейді, дереккөзді қайдан алғанын, тіпті фотосуретін сатып алса да, әлеуметтік желідегі автордың рұқсатын алса да, көрсетуі тиіс. Тіпті баспасөз конференциясы, брифинг, басқа да қоғамдық іс-шараларда сұрақ қойған авторды да атап көрсету игі қадам. Сонымен қатар, редакцияның саясаты толық сипатталған болуы керек. Оның ішінде, егер редакция өзінің материалында белгілі бір адамды қатты сынға алса, онда оның да көзқарасын ұсыну әділ редакторлық тәжірибе болып саналмақ. Сынға ұшыраған адамның әрине ар-намысы, қадір-қасиеті немесе іскерлік беделі төмендейтіні сөзсіз. Сол себепті, оның да қарсы айтар уәжі болса оған жауап беру құқығы берілуі керек. Журналист материалдарды дайындау барысында мүдделер қақтығысы туралы редакторға ескертуі тиіс. 

Медианың өзі медианың негізгі принциптерін бұзса, кез келген азамат немесе азаматтығы жоқ адам, жеке тұлға немесе мемлекеттік (қоғамдық) орган қоғамдық Комитетке шағым жолдай алады. Қоғамдық комитет отырыста шешім қабылдайды, оған комиеттегі 9 мүшенің жартысынан көбі қатысуы керек. Комитеттің шешімдері ұсыныс сипатында болады. Медианың базалық қағидаттарында көрсетілгеннен басқа, қоғамдық комитет және KazMediaNetwork шұғыл жағдайда басқа мәселелер бойынша да түсіндірме дайындап, ұсыныс береді. Мысалы, біз суицид хабарларын ұсыну, жаппай тәртіпсіздіктер, митингілер кезіндегі журналистердің қауіпсіздігі, қақтығыс кезінде сезімтал журналистиканың этикалық аспектілеріне назар аудардық.

– Қазіргі таңда ақпарат пен үгіт-насихат (пропаганда) өте өзекті болып тұр. Халық пен оқырман бұл екеуін қаншалықты ажырата алып жүр деп ойлайсыз, оны ажырата алу үшін нені білгендері жөн? 

 Өкінішке қарай, көп адам ақпарат пен пропаганданы ажырата алмайды. Үгіт-насихат өз мақсатына жету үшін түрлі әдісті қолданады немесе ақпаратты бұрмалайды, кейде толық абсурдқа дейін барады. Медиасауаттылықтың қорғаныс рецептісі ол – ақпарат ағынын шектеу, нені оқуды таңдау, бір ақпаратты көргенде бұл кімге пайдалы деген сұрақты қою алу. Ақпаратты тексеру, фейктерді таратпау, өшпенділік пен араздықты туындататын посттарға түсінік беруге және оларды таратуға атсалыспау. Алыста отырып алып, сізді қақтығыстардың тұңғиығына тартуға тырысқандарға қарағанда, сіздің жаныңыздағы туыстарыңыз бен жақындарыңыз маңызды екенін есте сақтаңыз. Кейбіреуледі нацистер, басқасын фашистер деп атамау керек. Бактериологиялық қару туралы т.б. жалған мәліметтерді шын деп беруге болмайды. Әсіресе, қаңтар оқиғаларынан кейін. Ақпараттың үлкен ағымы адамдарға және олардың өміріне зиянын тигізуі мүмкін, ал ақпараттың толық болмауы адам өліміне дейін әкеліп соғады. Мәселен, кейбір адамдар қалада не дүрбелең болып жатқанын білген де жоқ, олар не болғанын көру үшін алаңға келді немесе жай ғана сол жерден жүріп өтуге тырысты. Бұл жерде журналист «полицияның қатыгездігі», «ашулы топ», «зорлық-зомбылықтың өршуі» және т.б. сөздерді немесе сөз тіркестерін қолданбағаны жөн, тәртіпсіздіктерді «бүлік» деп атауға болмайды, егер ол термин тәртіпсіздіктердің мөлшері мен қарқындылығымен расталмаса. Қауесеттерді (мысалы, снайперлердің атуы туралы), «куәгерлердің» оқиғаларға қатысушылардың айғақтары мен пікірлерін расталғанға дейін хабарламау, фактілер шынайы түрде берілуі керек. Мысалы, жалпы саны үш мың студенттен тұратын кампустағы жүз студент қатысқан демонстрация туралы айтатын болсақ, онда хабарламада екі сан да көрсетілуі керек.

– Қаңтар қырғыны, жалпы қақтығыстар туралы материал жазарда журналист өзінің қауіпсіздігін қалай қорғауы немесе нені ескеруі керек? Қандай кеңестер бересіз?

– Қандай оқиға мен қақтығыс болмасын, журналист ең бірінші өз қауіпсіздігін есте сақтауы керек. Журналист аяқ астынан батырлық танытып немесе өзіне қауіп төндірмегені жөн. Оның жұмысы өз басының амандығын сақтай отырып, қоғамды ақпараттандыру болмақ. Әрине, әрдайым олай бола бермейді. Дегенмен, репортажды шерушілердің ортасында жүрмей-ақ жасауға болады, репортаж түсіру үшін жоғарыдан және алыстан бір орын таңдау керек. «Оқиғалар» ортасында қалып кетсеңіз, қалайда шығатын жол тауып, адам аздау жерге барыңыз. Ал егер атыс басталып кетсе, қатты құралдар мен бетон қалқаларды тауып жасырыну керек, яғни тікелей атыс немесе қарсылықтың ортасында қалып кетпес үшін осындай жерлерді таңдаңыз. Себебі кейде тарс-тұрс еткен гранаталар мен тастар, оқтар қолданылуы мүмкін. Есіңізде болсын, жақын жерде тұрған көлік пен бағандар сізге көмектеспейді. Оқ көліктен оңай өтіп кетеді, баған сізді толық жаппайды да, қорғансыз қаласыз. Демонстранттар түсірілімді тоқтатуды талап етсе түсірмеңіз, ашулы тобырды одан сайын өшіктіріп аласыз. Бұл әсіресе арандатушылар жиналғандарды қауіпсіздік күштеріне қарсы тұруға немесе ғимаратты басып алуға «итермелей» бастаған сәтте өте қауіпті. Ақылға келуге, сабырға шақыруға әрекеттенбеңіз, сізді қатысушы немесе ұйымдастырушы ретінде ұстап әкетуі мүмкін. Ал сізді ұстап әкеткен жағдайда, қарсыласпаңыз. Айқайлап, қарулы күштердің қолыңызды бұрып әкеткенінен гөрі, тып-тыныш өз төлқұжатыңыз бен редакциялық тапсырмаңызды көрсетіңіз. Осы оқиғаны түсіруге келген әріптестермен байланыста болыңыз. Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін вебинар өткізген барлық кеңесшілеріміз айтқандай, мұндай «жайттардан» оралғаннан кейін туыстарыңызға қоңырау шалыңыз, жақын досыңызға, құрбыңызға болған оқиға туралы айтып беріңіз, қажет болса жылап алыңыз. Редакцияңыз сізді қандай тәуекелге душар еткенін білуі керек, келесі жолы журналистерді жіберерде абай болғаны дұрыс, егер оларды қорғай алмаса, сақтандыру беруі қажет. Тіпті осындай оқиғадан кейін де кәсіби тұлғаңызды сақтап қалу өте маңызды. Яғни журналист ақпаратты жан жақты, объективті тарқатып, сарапшыларға сүйеніп, жанжал тудырған тараптың да сөз айтуына мүмкіндік береді. 

Сөзіңізді бөлейін, жалпы Төтенше жағдай мен қақтығыс кезінде журналистерге тағы басқа есте сақтау қажет ережелерге тоқтала кетсеңіз. 

– Ең бастысы зиян келтірмеу, басы артық сенсация жасамау, өшпенділікті таратпау, стереотиптерге бой алдырмау, өзінен қаһарман жасамау, үрейге берілмеу, қолға қару алмау және әскери түстес (камуфляж) киімдер кимеу керек. Ақпарат аларда оқиға куәгеріне, әсіресе балалар мен әйелдер, егде жастағы қарттар мен босқындарға ерекше ықылас таныту қажет. Қолға түскен адамдар мен ықтимал құрбандарды туыстары мен достарының келісімінсіз жариялаудан аулақ болу, жаралылар мен зардап шеккендерді құтқару көпшілікке ақпарат таратудан да маңызды екенін есте сақтау, террористер мен құқық қорғау органдары арасындағы делдал рөлін қабылдамау, террористерге, қолға түскендерге, босқындарға, жанжалға қатысқан басқа адамдарға сәтті видео мен фотокадр алу үшін қандай да бір іс-қимыл жасауды ұсынбау керек. 

– Кейбір БАҚ рейтинг қуалаймын деп артық кетіп те жатады. Ол кәсіби ортада тез білініп қалады. Медиаэтиканы сақтау мәселелері қалай болу керек? 

– Журналистикада хайп немесе рейтинг қуалау еш ақталмайды. Біреудің қайғысынан хайп жасау этикаға жатпайды. Біреудің зорлық-зомбылық көргенін немесе біреудің өлімі, суицид, соғыс, кісі өлтіру тақырыбын мақсатты түрде көрсетуге болмайды. Оларды таратқан сайын, зардап шегушілердің қайғысын еске түсіріп отырсыз деген сөз. 

– Ақпараттың жедел берілгені маңызды ма, әлде кешіксе де шынайы, расталған ақпаратты берген дұрыс па? 

– Кәсіби журналистика тексерілген немесе расталған ақпаратқа негізделуі керек. Бұл жерде «қане, кім жылдам?» деген сияқты спорттық азартқа орын берілмеуі тиіс, өйткені журналистика спорт емес. Неліктен қанша ғасыр өтсе де, журналистика өмір сүріп келеді әрі сұранысқа ие? Себебі, барлық қиын-қыстау кезеңде адамдар бірінші шындықты іздейді және оны табуға журналистика көмектесуі керек. Ойшылдар соғыстың алғашқы құрбаны шындық екенін байқаған, сондықтан соғыс кезінде тараптардың ешқайсысы да шындықты айтпайды. Сол үшін журналистер жан-жақты жұмыс істеуі қажет, тарихшылар олардың материалдарына қарап, ахуалдың не болып жатқанын бағалай алуы тиіс. Оқиғаның ізі суымай жатып баға беру қиын, себебі соғыс тозақтан да жаман, қаншама жазықсыз адамдар құрбан болады. 

– Оқырман тартып, келушілердің санын арттыра қаламын деп, кей сайттар кликбейт қолданып жатады. Бұл әдіс өзін ақтай ма? 

– Кликбейт тақырыптар кәсіби журналистикамен қатарласып жүре алмайды және оған орын жоқ. Қалай болған күннің өзінде біз медиэтиканы ұстануымыз керек, әсіресе аудиторияның сенімін ақтау үшін сапалы контенттермен толтыруымыз тиіс. Талапқа сай емес «айқайлап» тұрған тақырыптардың түкке де қажеті жоқ. 

– Түркістан журналистері ақпарат айдынында қаншалықты белсенді деп ойлайсыз? 

– Жалпы Қазақстан бойынша айта кетейін, әрдайым этиканы ұстанатындар көбейе түседі деп сенемін. Оған жарнама беретін мекемелер де қолдау көрсетеді. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары айдынында оңтүстік өңірі мен Шымкент қаласының медиасы іргелі де ауқымды болған. Енді соның сапасын өсіретін уақыт келді деп ойлаймын. 

Өзгелердің жаңалығы