Қашықтан оқыту: Балалардың онлайн ойындарға қызығушылығы артқан

31 Тамыз 2021, 17:02
4214
Бөлісу:
Қашықтан оқыту: Балалардың онлайн ойындарға қызығушылығы артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Әлеуметтану» мамандығы бойынша 2-курс PhD докторанты Сымбат Қалдыбек жастар мен балалар арасындағы интернет-тәуелділіктің, кибербуллингтің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша талдамалық баяндаманы таныстыруға арналған брифингте айтты.

Ауыл мен қала балалары арасында онлайн ойынды кім көбірек ойнайтынын анықтауға тырыстық. Бірақ айтарлықтай айырмашылық байқалмады. Себебі қазір ауылдық жерлерде де интернет желісі жақсы ұстайды. Ауылдарда да карантин жағдайына байланысты мектептер қашықтан жұмыс істеді. Қашықтан оқуға байланысты оқушылар онлайн ойындарға қызыға бастады, - деді ол.
Сымбат Қалдыбектің айтуынша, оқушылардың қандай тілде білім алатыны да аса маңызды емес екенін көрсеткен.
Балалардың ойынға деген құмарлығы тіл мен тұрғылықты жерге байланысты болмайды екен. Интернеттегі ойындарға тәуелділікті анықтайтын 10 балдық шкала бойынша сауалнама жүргіздік. Әртүрлі ойындар баланың психологиялық жағдайына да әсер еткен. Бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қажет болады. Оған ата-аналар да атсалысуы керек, - деді Қалдыбек.
Маман балалардың ойындарға тәуелділігін болдырмау үшін заң жүзіндегі іс-шаралар мен оларды жарнамалайтын іс-шараларды азайту керегін айтты.

Айта кетейік, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесіп «Жастар мен балалар арасында Интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақылы ойындарға балалар қанша ақша жұмсайтыны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы