Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Үкімет басшысының атына соңғы аптадағы қайғылы оқиғаларға қатысты сауал жолдады.
Біздің депутаттық сауалымызға өткен аптада адам өліміне әкеп соққан Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Петропавл қаласында болған қайғылы оқиғалар себеп болып отыр.
«Тас түскен жеріне ауыр» демекші бұл жағдай бүкіл қазақстандықтардың қайғысы. Өрт салдарынан жазықсыз нәрестелерінен және азаматтарынан айырылып қалған жақындарына депутаттар атынан қайғырып көңіл айтамыз,- деді мәжілісмен.
Ол кінәсіз дүнеден өткен балалар мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін кім жауапты деген сұрақ баршаны ойландыратынын айтты.
Осы оқиға тиісті жергілікті атқарушы органдарға үлкен сабақ болу қажет. Қашанғы біздің тұрғындарымыз оттың астында қала беру керек? Ертеңгі күні бұндай жағдайларға тап болмауымызға кім кепіл? Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында балалардың құқықтарын қорғауға, соның ішінде олардың қауіпсіз өміріне ерекше орын беріледі. Балалар біздің болашағымыз және біз олар үшін жауаптымыз. Болған оқиғалар бойынша түбегейлі шешуді талап ететін мәселелер көп екенін көрсетті,- дейді Фахриддин Қаратаев.
Ол былтырғы жылдың қыркүйегінде Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылғанын, алайда оның атқарған жұмысы әрдайым уақытылы және тиімді бола бермейтінін айтты.
2020 жылдың 9 айында елімізде тоғыз мыңнан астам өрт болды, 228 адам қаза тапты, 217 адам жарақат алды. Төтенше жағдайлар министрлігі қыс маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатқандығы туралы мәлімдеді. Олардың мәліметтері бойынша, жұмыстардың барлығы аяқталып, кемшіліктерді жою туралы нұсқаулар берілген. Бірақ болған қайғылы оқиғалар істеліп жатқан профилактикалық жұмыстың жеткіліксіз екендігін көрсетті,- деді депутат.
Осы ретте ол премьер-министрге мынандай ұсыныс жасады:
1. Төтенше жағдайлар министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көп қабатты тұрғын үйлерге, әсіресе времянка, дачаларға, басқа да жайлы емес тұрғын үйлерге әрбір нақты жағдайда көмек көрсету тұрғысынан толық жұмыстарды жүргізуді;
2. Жаңатас, Қызылорда және Петропавлдағы оқиғаларыға қатысты жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларға ең қатаң шаралар қабылдап және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) ақпарат беруді;
3. Осындай жағдайлардың алдын алу жөніндегі ахуал ерекше бақылауға алынып, Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу шараларды күшейту жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізуді ұсынамыз.
Айта кетейік, 19 ақпанда Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы пәтерлердің бірінде балалар үлкендердің қарауынсыз қалуы салдарынан өрт шықты. Осы уақытта пәтерде бес бірдей кәмелетке толмаған балалар көміртегі газынан тұншығып қаза тапты. Сонымен қоса, 18 ақпан күні Қызылорда қаласында тура осындай жағдай болып, өрт салдарынан бес бала зардап шегіп, өмірге жаңадан келген алты айлық бала көз жұмды.
21 ақпанда Петропавл қаласында болған өрт салдарынан екі адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жатқызылды.