Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін түсіндірді

9 Желтоқсан 2021, 09:11
1051
Бөлісу:
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы айлардағы теңгенің әлсіреуіне байланысты Үкімет отысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев түсініктеме берді.

Осы жылы қарашада коронавирустың жаңа штамының табылуы және оның АҚШ пен Еуропада таралуы туралы хабарлардың тарауы аясында әлемдік қаржы және тауар нарықтарында жоғары құбылмалылық байқалды, бұл мұнайдың белгіленген бағасының күрт төмендеуіне алып келді. Мұнайдың әлемдік бағасы тамыздың соңынан бастап ең төменгі деңгей – бір баррель үшін 65-66 АҚШ долларына дейін төмендеді, – деді төраға.

Оның айтуынша, тек елімізде ғана емес әлемдік валюта нарығында да дамушы елдер валюталарының жаһандық әлсіреуі байқалды.

Ресей рублі бір айда 4,7%-ға, Оңтүстік Африка ранды 4,3%-ға, Мексика песосы 4,3%-ға әлсіреді. Іргелі факторлардың нашарлауы қарашада теңгенің бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 20 тиынға дейін 1,7%-ға әлсіреуіне себеп болды. Биылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 434 теңге 46 тиын болды, – деді Досаев.

Банк төрағасының атап өтуінше, бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау операциялары және квазимемлекеттік сектор сатулары ұлттық валютаға қолдау көрсетті.

Бұл ретте салық кезеңі экспорттаушылардағы теңгелік өтімділіктің жеткіліктілігіне байланысты ұлттық валютаға айтарлықтай қолдау көрсете алған жоқ. Белгісіздіктің туындауы мен сыртқы жағдайлардың күрт нашарлауы аясында жеке және заңды тұлғаларда шетел валютасына сұраныс айтарлықтай өсті. Ұлттық банк теңгені тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау мақсатында биыл қарашаның соңғы күндерінде 239 млн АҚШ доллары сомасына 2020 жылғы қазаннан бастап алғаш рет валюталық интервенция жүргізді, – деді ол Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы