Әскери қызметші Болгарияда «қола жүлдеге» ие болды

13 Наурыз 2021, 18:49
1365
Бөлісу:
Әскери қызметші Болгарияда «қола жүлдеге» ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Армия орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушысы лейтенант Руслан Жапаров Болгария астанасы Софияда өткен «Sofia Open G1» халықаралық турнирінде қола медальға ие болды.

Байрақты бәсекеге әлемнің 47 елінен 700-ден астам мықты таеквондошы қатысты. Олардың арасында Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. 

87 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жартылай финалдық жекпе-жекте қазақстандық спортшы Испаниядан келген қарсыласына есе жіберіп алды. Ол жарысты 14:5 есебімен қарсыластың пайдасына аяқтап, қола жүлдеге ие болды. 

Әскери спортшы үшін «Sofia Open G1» пандемияға байланысты ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы халықаралық турнир болды. 

Бүгінгі таңда біздің басты мақсатымыз – Олимпиадаға жолдама алу. Лицензиялық турнирге екі ай қалды. Осы уақытты спортшы негізгі дайындыққа жұмсайды, - дейді Армия орталық спорт клубының олимпиадалық спорт түрлері бойынша штаттық командаларды даярлау бөлімінің бастығы майор Анвар Үсенов. 

Лейтенант Руслан Жапаров – 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2019 жылы Уханьда (ҚХР) өткен Дүниежүзілік әскери ойындардың чемпионы, 2018 жылы Индонезияда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылы Джакарта мен Палембангте (Индонезия) өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, таеквондодан халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.


Өзгелердің жаңалығы