Қарулы Күштерде вакцина алғандардың саны 100%-ға жақындады

13 Шілде 2021, 18:43
1706
Бөлісу:
Қарулы Күштерде вакцина алғандардың саны 100%-ға жақындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аппараттық кеңесте Бас әскери-медициналық басқарма бастығы жеке құрамның шамамен 90%-і екпенің екі компонентін, ал барлығы әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың 98%-тен астамы вакцина алғаны туралы баяндады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру жауынгерлік оқу-жаттығу іс-шараларын жүргізуде көптеген шектеуді алуға мүмкіндік береді. Қарулы Күштер бас дәрігерінің ақпараты бойынша COVID-19-бен науқастану ішінара сипатта өтуде, аурудың ауыр түрде өту жағдайлары болған жоқ. Таяу уақытта қалған жеке құрамда медициналық қарсы көрсетілімдер мерзімі өткеннен кейін вакцина алғандар санын 100%-ке дейін жеткізу болжануда.

Кеңесте бас қолбасшылар әскерлердің жауынгерлік даярлық барысы туралы баяндады. Командалық-штабтық, жұмылдыру, диверсияға қарсы оқу-жаттығулар, бөлімшелерді, экипаждарды, есептоптарды даярлау, майдан және әскери-көлік авиациясының оқу-жаттығу ұшуы, жүзгіш жауынгерлердің парашюттік-десанттық даярлығы және альпілік бөлімшелердің таудағы даярлығы жоспарлы түрде жүргізіледі.

Қорғаныс министрі әскери тәртіптің жай-күйі, атап айтқанда, жарғылық емес өзара қарым-қатынас мәселелерін көтерді. Құқық бұзушылықтың аталған түрінің төмендеуіне қарамастан, осы бағыттағы профилактика үздіксіз жүйелі негізде жүргізілуге тиіс. Ол жауынгерлердің армияда болған алғашқы күндерінен басталуы керек.

Біз күн сайын әрбір әскери қызметшіге «ненің дұрыс, ненің бұрыс» екені туралы түсінікті тілмен жеткізіп, оның санасына сіңіре білуіміз керек, – деді генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев. 

Сонымен қатар, ол мұндай тәсілдің іс жүзінде нақты әрекет етумен қатар жүруі, яғни қол жұмсаудың әрбір жағдайын объективті түрде тергеп-тексеру, барлық қылмыстық істерді сотқа жеткізу, кінәлілерді әділ және сөзсіз жазалау керек екенін атап өтті.

Кеңесте қару мен оқ-дәрілерді сақтаудың жай-күйіне, әскери қызмет қауіпсіздігін ұйымдастыруға тексеру жүргізу практикасы қаралды. Қазіргі уақытта әскерлерде бас қолбасшылар мен қолбасшылардың басшылығымен комиссиялардың жұмысы ұйымдастырылған. Қорғаныс ведомствосының басшысы бағынысты әскерлер тыныс-тіршілігінің барлық аспектісін сапалы тексеру қажеттілігі және инспекциялау нәтижелері үшін лауазымды адамдардың дербес жауапкершілігі туралы еске салды. Кемшіліктер анықталған жағдайда комиссиялар оларды жоюға көмек көрсетуге тиіс.

Егер тексерушілер объектіні тексергеннен кейін олар анықтамаған кемшіліктерге байланысты оқиға орын алса, онда олардан қатаң сұралатын болады. Бұл жағдайда объектіні тексерген адамдар бөлім қолбасшылығымен бірге жауапты болуға тиіс, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Одан басқа, әскери бөлімдерді тексеру және оларға бару жауынгерлік оқу-жаттығудың жоспарлы іс-шараларына кедергі келтірмеуге, ал инспекциялайтын адамдар, барлық деңгейдегі бастықтар тұру мен тамақтануды өз есебінен жүзеге асыруға тиіс.

Шалғайдағы гарнизондарда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Бүгінгі күні шалғайда орналасқан әскери бөлімдерде объектілер құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Бұл ретте өткен жылдары жобаланған кейбір объектілердің коммуналдық инфрақұрылымы бұған дейін тұрғызылған казармалық-тұрғын үй қорында жайлы тұруды қамтамасыз етпейді.

Сонымен қатар, мердігерлердің өз уақытында жүргізген сапасыз жұмысының нәтижесінде шатыр жабыны фрагменттерінің желмен ұшып кету фактілері анықталды. Бұл соңғы жылдардағы жүйелі кемшілік, өйткені жалпы конкурстық рәсімдердің нәтижелері бойынша әртүрлі, кейде кездейсоқ мердігерлік ұйымдар жұмыс жүргізу құқығына ие болады. Көбінесе олар конкурстар барысында демпингті практикада қолданады, әскери объектілерді жөндеуде және салуда тәжірибесі жоқ, демек олар әрқашан қажетті жұмыс сапасын қамтамасыз ете алмайды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасына осы бағыттағы жұмысты жандандыруға және туындайтын мәселелерді қысқа мерзімде шешуге, сондай-ақ әскери объектілердің сапалы құрылысын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар дайындауға нұсқау берді.

Әскери қызметшілер отбасыларының әскери қалашықтарда, әсіресе, алыс гарнизондарда қауіпсіз және жайлы тұруы үшін жағдайлар жасау жауынгерлердің қызмет мүдделерін адал орындауының маңызды факторы болып табылады, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

 


Өзгелердің жаңалығы