Қазақстанда картоп бағасының қымбаттауы күтілмейді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі BAQ.KZ редакциясының сұрауына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство биылғы өнімнің жиналуына байланысты бағаның тұрақталатынын болжайды.
Нарықты жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін картоп экспортын шектеу мерзімін 2025 жылғы 31 тамызға дейін ұзарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ел аумағында 150 мың тонна картопты 2025 жылғы 30 маусымға дейін әкелуге тарифтік жеңілдік қолданылды. Жалпы өнім көлемінің артуына байланысты картоп бағасының әрі қарай өсуі болжанбайды. 2025 жылғы көкөніс өнімдерімен нарықты кезең-кезеңімен қамтамасыз ету бағаның тұрақтануына мүмкіндік береді, – деді министрлік өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері супермаркеттер мен дүкендер картоп бағасын негізсіз көтергені үшін 6 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Барлығы 151 айыппұл салынып, 476 ескерту жасалған.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында картоптың ең жоғары орташа бағасы Ұлытау облысында тіркелген. Онда картоптың 1 килограмы 310 теңгеге жеткен. Ал ақпан айының соңында республика бойынша орташа баға 224 теңге болды.
Алайда Сауда министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментінің мониторингіне сілтеме жасап, кейбір супермаркеттерде картоп бағасы 350–500 теңгеге дейін жеткенін нақтылады. Олар ірі, жоғары сұрыпты, қосымша қаптамасы бар және қолмен сұрыпталған картоп бағасы екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда картоптың бағасы грейпфруттан да қымбат сатылып, деликатеске айналғаны хабарланған болатын.
Бағаның күрт өсуінен кейін Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бақылауды күшейтті. Қаңтар айында Қазақстаннан картопты алты айға экспорттауға тыйым салынған еді.
Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров картоп бағасына қатысты түсініктеме берген болатын.
Сондай-ақ, картоп бағасын негізсіз көтергендерге айыппұл салынғаны айтылды.