Қарин: Бұл шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін береді

25 Мамыр 2021, 08:45
11624
Бөлісу:
Қарин: Бұл шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Осыған орай ҚР Президентінің көмекшісі, белгілі саясаткер Ерлан Қарин өз ойымен бөлісті.

Бұл – өте маңызды құжат. Енді еліміздегі сайлау жүйесі жаңа талаптар бойынша жұмыс істейді. Аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау – жергілікті жердегі мемлекеттік басқаруға халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ету жолында жасалған бірегей қадам. Биыл осы заң бойынша 800-ден астам елді мекенде әкімдер сайлауы өтеді, - дейді Ерлан Қарин.

Сонымен бірге, саяси партиялардың Парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. 

Аталған шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін берері сөзсіз. Оған қоса, бұдан былай сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» деген баған енгізіледі. Бұл сайлаушылардың таңдау құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың бірінші, екінші және үшінші топтамасында көзделген негізгі ұсыныстар заң нормаларына айналып, іске асты. Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көтеріліп, пысықталғанын білесіздер. Шын мәнінде, бұл – Мемлекет басшысы баса мән беріп отырған Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы