Астанада ҰҚК-нің сотталған экс-төрағасы, бұрынғы Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің үйі әлеуметтік нысан ретінде пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қайтарылған активтерді басқару компаниясына сілтеме жасап.
Астана қаласының әкімдігінен аталған жылжымайтын мүлікті қаланың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында беру жөнінде ресми сұраныс түсті. Әлеуметтік маңыздылығы мен заңнама талаптарын ескере отырып, бұл нысан электрондық сауда жоспарына шығарылды. Нысанды әрі қарай пайдалану жергілікті атқарушы органның мүдделерін ескере отырып, белгіленген тәртіппен шешіледі, – деп мәлімдеді Қайтарылған активтерді басқару агенттігі (KUVA.KZ).
Әңгіме елорданың Нұра ауданына қарасты Қараөткел ықшамауданындағы особняк туралы болып отыр. Бұл үй қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансында тұрған. Нысанның бастапқы бағасы 1,6 миллиард теңге болған.
Бұған дейін Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйі сатылатыны туралы және оның өтпей жатқанын да хабарлаған болатынбыз.
2025 жылғы 21 сәуірде белгілі болғандай, Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі 300 миллион теңгеге арзандаған еді.