Кардиохирургияны дамытуға Ұлт көшбасшысы көмек берді – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері

30 Қараша 2019, 14:50
7625
Бөлісу:
Кардиохирургияны дамытуға Ұлт көшбасшысы көмек берді – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Тараз қаласындағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, II дәрежелі "Барыс" орденінің иегері Сейтхан Жошыбаев айтты.

Бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Азаттық ойымызға еркіндік әкеліп, арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Бойда қайрат барда елге еңбек ету – азаматтың парызы. Ел алдындағы парызымды өтеу үшін істі неден бастасам деп ойладым бастапқыда. Бұрын белгілі кардиохирург-ғалым ұстазым Иса Ахунбаевтың жүрек алмастыру операциясын жасауды қолға алу, арнайы институт ашсам дейтінмін. Өзім еңбек еткен Қырғыз елінде сол арманымды жүзеге асырдым. Ол ойымды орындадым. Соған сай үлкен құрметке, беделге де ие болдым. Бірақ, көкейімде "Өзімнің туған еліме осылай қызмет етсем" деген арман тұратын үнемі, - деді ол алдымен.

Дәрігерге алғашында Алматы, Нұр-Cұлтан қалаларына кел деген ұсыныстар болды. Ал ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, туған жеріне – Тараз қаласына барып жұмыс істегісі келетінін айтады. Тұңғыш президент бірден қолдау білдіреді. Біразға дейін айналасындағылар "Елдің бәрі Алматыға, астанаға ұмтылса, сен ауылға қашасың" деп те айтып жүріпті. Ол кезде Жамбыл облысының дәл қазіргідей әлеуметтік-экономикалық әлеуеті дамымаған. Содан кейін тым құрығанда жүрекке ота жасау жағын, жүрек хирургиясын, кардиохирургияны барынша ілгерілетуге күш салмақ болады. Осылайша, Сейтхан Жошыбаев жекеменшік кардиохирургия орталығын ашады.

Тура сол жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кардиологияны, яғни кардиохирургияны өңірлерде дамыту туралы тапсырма беріп, нақты бағдарлама қабылданған еді. Бұл қадам менің арманыма қанат бітіргендей болды. Осы ісімнің жеміс беретініне сенімім күшейді. Елдегі жағдайды бағдарлау үшін барлық облысты аралап шықтым. "Кардиологияны дамытуға қандай мүмкіндіктер жасалған? Құрылғылар жеткілікті ме, операция залдарының жағдайы қандай? Нақты сол кездегі шама-шарқымыз қай жерге дейін жетеді?" деген сұрақтарға жауап табуға тырыстым. Сөйтіп мәселені жан-жақты зерделеп шықтым. Содан кейін ғана жоспарымды жүзеге асыруға бел будым, - дейді жоғары санатты дәрігер.

Осыдан кейін Елбасының көмегімен Жамбыл жерінен шағын кардиохирургиялық орталығын ашқан білікті маман жас мамандарды тәрбиелеп, жаңа құрылғылар алады. Қазіргі таңда жаңа да сәулетті ғимаратта жұмыс жүргізіп жатқан клиникаға бір жыл бұрын Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, ұжымның шаруасымен танысыпты. Сейтхан Жошыбаевтың қолға алған ісіне разы болып, тиісті сала басшыларына: "Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде тұрғындарға жоғары медициналық көмек көрсете беріңде", деп тапсырма берген.

Жошыбаев а.jpg

Кейінгі кезде, әсіресе, өңірлерді, облыс орталықтарын дамытуға баса көңіл бөлініп отыр. Бастапқыда кардиохирургия орталығы болып ашылғанымызбен, негізгі мақсат – ғылыми клиникалық орталық ретінде қалыптасу болды. Содан соң трасплантологияны дамыту. Сол үшін практикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар мамандарды оқыту, яғни, интернатура, резидентура, докторантура тұрғысынан білімдерін шыңдауды да қолға алдық. Түркістандағы халықаралық университетпен келісім-шартқа жасастық, Алматыдағы Асфендияров атындағы университеттің түлектері де бізге келіп, резидентура, докторантураны оқуда. Олар бірнеше жыл кардиохирургияны оқып, меңгереді, - деді Сейтхан Жошыбаев. 

Соның арқасында былтыр бірнеше трансплантологиялық ота жасалған. Жасанды жүрек салу операциясын да сәтті өткізген. Халықаралық конференциялар ұйымдастырып, кардиохирургия саласында еңбегімен әлем елдеріне танылған шетелдік майталман мамандарды Таразға шақырған. Олар шеберлік сағаттарында ота жасаудағы өз тәжірибелерімен бөлісіпті.

2010 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан "Алтын сапа" белгісін алғанбыз. 2013 жылдан бері сала көшбасшысы атанып келеміз. Еуропалық деңгейдегі атақтарды да алып жүрміз. Негізі, адамның арманы шексіз ғой. Бұрын елге келіп, ғылыми кардиохирургиялық орталық ашуды армандасам, енді сол клиниканы нағыз ғылыми ортаға айналдырсам деймін. Мұның бәрі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі. Тәуелсіздігіміз берген сый. Тәуелсіздікті алғалы бері Нұрсұлтан Әбішұлы елді дамыту жолында аянбай тер төгіп келеді, - деді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы