Каратэден әлем чемпионаты оңай болған жоқ – чемпион

1 Қараша 2023, 11:12
1121
Бөлісу:
Каратэден әлем чемпионаты оңай болған жоқ – чемпион
PHOTO
Фото: кейіпкер мұрағатынан

Тарихта тұңғыш рет каратэден өткен әлем чемпионатында алтын медальды жеңіп алған Мөлдір Жаңбырбай BAQ.KZ тілшісіне тарихи жеңісі мен спорттағы мансабы жайлы айтып берді.

- Каратэмен айналысқаныңызға қанша уақыт болды? 

- Спортқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. 10 жасымнан бастап каратэмен айналыстым. Қарап отырсам, осы салада жүргеніме 14 жылдан астам уақыт өтіпті. Әр жаттығуға ынта-жігермен қатысқанның арқасында түрлі жарыстарда жеңіске қол жеткіздім. Спорт саласында болашақ жұбайыммен кездестім. Қазіргі уақытта бір қызымыз бар, жарыстарға бірге қатысып, бір-бірімізге демеу боламыз. Каратэден әлем чемпионатында жұбайым Дидар Әмірәлі ерлер арасында өз салмағында қол жүлдеге ие болған еді. 

Каратэден әлем чемпионаты оңай болған жоқ – чемпион

- Тарихи жеңіс қалай келді? Бес жекпе-жек өткіздіңіз. Қарсыластарыңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Әлем чемионатына 1300 адам қатысты. Әр салмақ дәрежесінде 70-80 адам бақ сынасты. Әлем чемпионаты жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды деп айта аламын. Бағым мен бабым қатар шапқан дода болды. Жарыста бес жекпе-жек өткіздім. Оның біріншісі алжирлік спортшымен болды, мен онымен бұрын кездескен едім. Екіншісі жапон спортшысы, ол мен үшін жаңа спортшы. Басында 4:0 есебімен жеңіліп жаттым. Соңында өзімді қолға алып, қателікпен жұмыс істеп, оны да жеңдім. Үшінші жекпе-жегім оңай болды. Себебі Еуропаның Словакиядан келген спортшысын ешқандай қиындықсыз жеңіп кетттім. Ал жартылай финалдағы қарсыласым бұрынан кездесіп жүрген венесуэлалық спортшы болатын. Ол қызды 11:3 есебімен айқын басымдылықпен жеңдім. Осылайша, финалға жолдама алдым. Финал мен үшін салыстырмалы түрде жеңіл болды. Есеп 5:6 болғанымен, қатты шаршадым деп айта алмаймын.

- Жұбайыңыз да спортшы екен, отбасыңызбен спортпен айналысу кедергісін келтірмей ме? 

- Жоқ, кедергісін келтірмейді. Екеуміз бір командада таныстық. Отбасы мен спортты қатар алып жүру қиынға соқпайды. Керісінше, бір-бірімзге қолдау білдіреміз, сөзсіз түсінеміз. Әңгімеміз де ортақ. Жарысқа дайындаларда бір-бірімізді жаттықтырып, кемшіліктеріміз болса, сонымен жұмыс істейміз. Жұбыңмен бір салада болудың бір жақсысы – үйде де, спортта да бір-біріңе тіреу боласың.

Каратэден әлем чемпионаты оңай болған жоқ – чемпион

- Жас спортшыларға қандай мотивация бересіз?

- Жас спортшыларға айтарым, бізде Қазақстанда спортқа жақсы жағдай жасалған. Әртүрлі мемлекеттің спортшыларымен сөйлескенде байқаймын, жиындарға, Қазақстанның ішіндегі жарыстарға барғанымыздай жалақы төлеп, шығындарды мемлекет қаржыландырмайды екен. Тіпті дамыған Жапония мемлекетінің спортшыларына мұндай жағдай жасалмаған. Сол себептен спортшыларға айтарым, тек қана жаттығуларын жасап, бапкердің айтқанын мұқият тыңдаса, үлкен жетістіктерге жетуге болады.

- Сізді жеңіске жетелеген не нарсе? 

- Менің жеңіске жетелеген - менің қалауым. Әрбір адамды алға ұмтылдыратын дүние - ол арман. Сол арманға жету үшін тынбай еңбек етіп, өзімді шыңдадым. Қарсыластарымды зерттеп, кемшін тұстарымды сараладым. Әр жарыстан жеңілген сәтте сол кемшілікпен жұмыс істеуге тырыстым. Осылайша, әлем чемпионатында жеңіске жеткім келді, арманым орындалды. Енді басқа да арман-мақсаттарымызды ойға алып, сонымен жұмыс істейміз.

- Алдағы уақытта қандай жарыстарда бақ сынағыңыз келеді?

- Біздің спорт түрін Олимпиададан алып тастаған еді. Олимпиадаға қатысып, жүлдегер атану – әрбір спортшының арманы. Биылғы жылдың маңызды жарыстары аяқталды. Енді жақсылап емделіп, өзімізді қайта қалпымызға келтіреміз және әрі қарай жаттығуды қолға алмақпыз.

Өзгелердің жаңалығы