Ел өңірлерінің басым бөлігінде жел күшейеді

14 Қараша 2021, 11:02
1331
Бөлісу:
Ел өңірлерінің басым бөлігінде жел күшейеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазгидромет» РМК синоптиктері қарашаның 14-і күнгі күн райы болжамын жариялады.

«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, республиканың басым бөлігінде жел күшейіп, солтүстікте жаяу бұрқасын, көктайғақ болады, оңтүстікте тұман түседі.

Ақмола облысының солтүстігі мен шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын соғып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен батысында тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын, түнде оңтүстік-батысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қостанай облысының оңтүстік-батысында көктайғақ, шығысында жел секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, жаяу бұрқасын соғады. Ақтөбе облысының басым бөлігінде түнде, күндіз солтүстік-шығысында жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болып, солтүстігінде жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.

Түркістан облысының басым бөлігінде күндіз желдің жылдамдығын секундына 15-20 метрге жетеді, таулы аудандарында екпіні 23 м/с болады, солтүстігінде шаңды дауыл тұрып, түнде және таңертең таулы аудандары мен тау бөктерінде тұман түседі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында жаяу бұрқасын соғады, батысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Қарағанды облысының батысы, солтүстігі мен орталығында көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады, оңтүстігінде тұман түсіп, солтүстігі мен орталығында жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.

Жамбыл облысының солтүстігі, оңтүстік-батысы мен таулы аудандарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, күндіз оңтүстік-батысында желдің екпіні 23-28 м/с-ке дейін күшейеді, түнде және таңертең таулы аудандарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Күндіз Қызылорда облысының орталығында, Павлодар облысының оңтүстік-батысында жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде Батыс Қазақстан облысының шығысында көктайғақ күтіледі.

Өзгелердің жаңалығы