Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметті цифрландыру бағдарламасы аясында Қарағандыда балалар мектепке онлайн режимде тіркелетін болады. Ол үшін school.kargoo.gov.kz. порталы іске қосылды. Жаңашыл жүйе 1 маусымнан бастап жұмыс істейді.
Енді ата-аналар үйден шықпай-ақ балаларын мектепке тіркей алады. Жүйе ең алдымен бірінші сыныпқа баратын оқушыларды қамтиды. Балаларды мектепке орналастыру аумақтық қағидат бойында жүзеге асырылмақ.
«Біз бұл автоматты жүйені мектепке дейінге мекемелер жұмысында қолданып отырмыз. Өткен жылдан бастап балабақшаларға балаларды орналастыру электронда түрде жүзеге асып келеді. Енді осы қағидат бойынша мектептердегі қабылдау жұмыс істейтін болады. Жүйе ата-ананың баласын мектепке орналастыру, не болмаса басқа білім мекемесіне ауыстыру кезінде мектеп директорымен қатынасын болдырмайды, бұл өз кезегінде жемқорлыққа жол бермеді», - дейді қала әкімінің орынбасары Ирина Любарская.
Мұндай жүйе бұған дейін еліміздің Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында қосылған болатын. Қарағанды облысының Теміртау қаласында да былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Ал биылдан бастап аймақтың барлық мектептерінде қосылатын болады.
Электронды жүйе арқылы оқушыны мектепке қабылдаудың басты шарты – баланың тұрғылықты жерінде тіркеуде болуы. Электронды тіркеу үшін бала денсаулығының паспорты, фотосурет және туу туралы куәлік керек. Ата-аналар сканерленген құжаттарды жүйеге тіркеуі қажет.
Баласын тіркеуге тұрғызған ата-аналарға смс-xабарлама немесе электронды поштаға xат келеді.
«Электронды өтінішті тапсырғаннан кейін баланың статусын тексеруге болады. Ол үшін ЖСН мен өтініште көрсеткен телефон нөмірі қажет. Қызмет көрсетудегі барлық мәліметтер «Жеке кабинетте» беріледі. Ал толғандырған сұрақтарға жауапты «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінен табуға болады. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының қай мектепке баратындығын таңдай алады», - дейді Қарағанды қаласы білім бөлімінің жалпы орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина.
Портал күндіз-түні жұмыс істейді. Қызмет көрсету 1 маусым күні таңертең 9.00-де басталып, 29 тамыз күні 18.30 да аяқталады.
Ал егер де онлайн жүйе арқылы құжаттарды тапсырып үлгермеген ата-аналар балаларын мектепке ескі жүйе бойынша, яғни қағаз форматында тіркей алады.
«Жаңа жүйе онлайн режимде 1 маусымнан бастап shool.kargoo.gov.ru порталында жұмыс істейтін болады. Егер де ата-аналар қажетті құжаттардың барлығын тіркемесе, немесе құжаттарда қандай да бір күмәнді ақпараттар болса қызмет көрсетуші мекеме өтінішті қабылдамауға құқығы бар. Портал арқылы мемлекеттік қызметке өтініш берудің жеңіл екендігін аналар мен әкелерге түсіндіретін боламыз. Ата-аналарға жүйенің қалай жұмыс істейтіндігін үйретеміз. Ол үшін 18 және 26 мамыр күндері Қарағандының барлық мектептерінде жиналыстар өтеді», - дейді бөлім басшысы.
Сондай-ақ, электронды тіркеу жайлы сұрақтарға жауап беретін арнайы телефон желісі жұмыс істейді. Ата-аналар 343-362 нөміріне xабарласып, сұрақтарына жауап ала алады.
Порталда ата-аналар баласының тіркеу бойынша қандай мектепке баратындығын көруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мектептердің білім сапасы, ҰБТ баллы бойынша рейтингін және биылғы жылы 1-сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер жайлы мағлұматтар болады.
«Бұл жүйеде 1-сыныпқа оқушы қабылдайтын әрбір мұғалімнің жеке құжаттамалары болады, онда педагогтың жетістіктері, категориясы және марапаттары көрсетіледі», - дейді Наталья Головина.
Жоғары рейтингті мектептерде білім алуға үмітті бала санының көп болатындығы белгілі. Бұл мәселе де шешілетін болады.
«Әрбір мектепке шағын аудан тіркелген. Осы арқылы мектептерге қанша бала келетінін жоспарлаймыз. Мысалы, бір мектепте 25 баладан үш сынып ашылады. Ал шағын аудандағы балалардың саны бұдан асып кетсе онда тағы бір сынып ашу, не болмаса қалған оқушыларды аталған үш сыныпқа бөлу жайлы шешім шығарылатын болады», - дейді білім беру бөлімі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлсім Қожаxметова.
Атқарушы билік өкілдері бірде-бір баланың мектепсіз қалмайтындығын айтады. Қажет болса қосымша сыныптар ашылады.