Карантинде 40 адамды жұмыспен қамтыған жылыжай

20 Мамыр 2020, 13:45
1873
Бөлісу:
Карантинде 40 адамды жұмыспен қамтыған жылыжай
PHOTO
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус індетіне байланысты кәсібі тоқтап, қызметкерінің ақысын өтей алмай қалғандар көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әлемде 400 миллион кәсіпорын банкротқа ұшырағанын айтты. Бұл тізімді созып жаза беруге болады. 

Мәселен, Еуропада азық-түлік және ауыл шаруашылығының көп бөлігі айтарлықтай зардап шекті. Нидерланд елінде балықшылардың жартысы ауға шықпай қалды. Себебі балықтың бағасы екі есе арзандаған. Францияда өткен аптада 150 мың тонна жоғары сапалы ірімшік жарамсыз болып қалды. Фермерлер оны сата алмады. Еуропада азық-түлік қоймалары лық толы.

Ал өз елімізге келер болсақ, өткен жылдың жазында "фермерлерді несиелендіру бағдарламаларын іске асыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 3,7 пайызға ұлғайтуға жол ашты. Түркістан облысында орамжапырақ өндірісі артып келеді", деп бөркін аспанға атқан Үкімет мүшелері биыл сол орамжапырақты сата алмай қиналды. Диқандар еккен егіні обалды болмауы үшін тегін алып кетуге шақырды. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев өңірде 300 мың тонна орамжапырақ өтпей жатқанын айтып, Үкімет басшысы Асқар Маминнен көмек сұрады.

photo_2020-05-20_14-14-30.jpg
Әйтсе де, төтенше жағдайға қарамастан, ісін дөңгелеткен шаруалар бар. "Қалауын тапса, қар жанар" деген қазақ халқы. Құжынаған халқы көп, сәулетті ғимаратынан басың айналатын қаланың "қымбат өмірін" ауыл шаруашылығымен алмастырған кәсіби мамандардың, қарапайым шаруалардың ісіне сүйсінетіндер аз емес. 

Осы орайда BAQ.KZ тілшісі жылыжайда қияр өсіріп отырған агрономмен әңгімелесіп, карантин режимінде жұмыстың қалай жүргенін сұраған еді.

photo_2020-05-20_14-14-08.jpg
Қызылорда қаласының Махамбетов ауылында карантин кезінде жұмысын тоқтатпаған жылыжайда 40 адам үздіксіз еңбек етті. Аумағы 2 гектар болатын жылыжай кешенін қаржыландыруға биыл 750 миллион теңге жұмсалған. 
Бұл кәсіпті қолдауға "ҚазАгроҚаржы" АҚ қаржы бөлді. Бастысы - жылыжайда өсіріліп жатқан қиярларға қызылордалықтардың сұранысы жоғары. Карантинге қарамастан, нысанда тұрақты жұмыс істеген 40 адам тәулігіне 5-6 тонна көкөніс жинады. Жиналған өнім қала маңында орналасқан сауда дүкендерінің сөрелерінде төмен бағамен сатылып жатыр, - дейді жылыжай агрономы Асылбек Телеуов.

photo_2020-05-20_14-14-15.jpg
Оның айтуынша, көкөністер тамшылатып суару жүйесімен, минерал, таза тыңайтқыштар қолданылып өсіріледі. Қиярға артық нитраттар берілмейді. Бұл көкөніс тамырының жүйесіне жақсы әсер етеді екен.
Артық аурулар, зиянкестердің болмауына өте қолайлы. Қазіргі таңда осы кезеңде әр шаршы метрден 25 килограмм өнім алуды жоспарлап отырмыз, - дейді маман.

photo_2020-05-20_14-14-28.jpg
Өнімнің көбейіп, сұраныстың артуына байланысты жылыжай алдағы уақытта өнім түрін көбейтпекші. Келешекте өнім көлемін күніне 10 тонна, жылына 1000 тоннаға дейін ұлғайту арқылы баклажан, қызанақ, болгар бұрышын да қатар өсіру жоспарланып отыр.
Маусым айының аяғында піскен өнімді жинап, орнын тазалап, дезинфекциялап, сосын келесі кезеңге көшеміз. Ал алдағы уақытта, қызанақ, қияр, салат жапырағының гибридтерін, басқа көкөніс түрлерін таңдап, талдау жасап, күзге қарай дайындаймыз", - дейді агроном Асылбек Телеуов.
Өзгелердің жаңалығы