Карантин талаптары. Ақтөбеде 29 млн теңгеге айыппұл салынды

18 Сәуір 2021, 21:13
1843
Бөлісу:
Карантин талаптары. Ақтөбеде 29 млн теңгеге айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл жыл басынан бері аталған мобильді мониторингтік топтар Ақтөбе қаласы бойынша кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар мен сауда орындарына 376 рейдтік іс-шара жүргізген. Жалпы саны 2472 нысанға мониторинг жасаған. 

Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, талапты орындамаған 213 нысанға 29 417 815 теңгеге айыппұл салынды. Олардың қатарында мейрамханалар, кальян, караоке, лото, бильярд клубтары, моншалар мен сауналар, тағы басқа нысандар бар. 

Ақтөбе облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес бүгінгі күні облыстағы қоғамдық тамақтану орындары түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істеуі тиіс. Ал ойын-сауық мекемелері, клубтар  мен букмекерлік кеңселердің, лото-клубтардың қызметіне, білім беру, орта және жоғары оқу ұйымдарындағы асханалардың, банкет залдарының жұмысына тыйым салынған. Өкінішке қарай, қазір жасырын жұмыс жасап жатқан ойын-сауық нысандары бар. 

Мәселен, қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 9-15 сәуір  аралығында мониторингтік топтардың рейдтік іс-шаралары барысында караоке-кальян клубтары және батут орталықтары шектеу шараларын бұзғандығы анықталды.

Сонымен қатар, мейрамханаларда орташа есеппен 100-ден астам адам жиналып, салтанатты іс-шаралар өткізілгендігі белгілі болды. Ал өткен аптада караоке клубтары жұмысын заңсыз жалғастырса,  мейрамханаларда қыз ұзату, үйлену тойлары, еске алу шаралары өткізілген.

Өзгелердің жаңалығы