Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын еліміздегі коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде аударуға шешім қабылдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Аударылған қаражат елорда мен Алматы қалаларының пандемия салдарын өз бастарынан өткерген тұрғындарға беріледі. Сонымен қатар жиналған қаржы коронавирусқа қарсы күреске атсалысып жатқан медицина қызметкерлерін ынталандыруға да жұмсалады. Бұл қаражаттың бір бөлігін жұқпалы аурулар ауруханаларын қолдауға, маскалар мен басқа да қажетті қорғаныш құралдарын сатып алуға жұмсау жоспарлануда. Бұдан бөлек балалар үйлеріне де көмек көрсетіледі - деп жазды Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.