Карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелер бақылауға алынады

17 Сәуір 2020, 16:58
2657
Бөлісу:
Карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелер бақылауға алынады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелер үшін арнайы қаулы қабылданған.

Біздің департамент карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелерде санитариялық нормалардың сақталуы жөнінде арнайы қаулы қабылдаған еді. Осы қаулы аясында Алматы әкімдігінде жұмыс тобы құрылды. Алдымен арнайы жұмыс тобы жұмыс істеуге өтініш берген мекеменің дайындығын тексереді. Содан кейін дайындығы жөнінде акт беріледі. Мониторинг тобы олардың кейінгі жұмыс барысын да бақылап отырады, - дейді ол. 

Сонымен қатар, осы қаулы бойынша карантин кезінде жұмыс істейтін мекемелерге қойылатын талаптар да күшейтілгенін жеткізді.

Негізгі талап жұмысшыларды фильтрден өткізу. Жұмысшыларды кіргізбес бұрын тексеріп, дене температураларын бақылайды. Оның барлығын арнайы журналға тіркеп отырады. Егер қызметкерлерден жөтел, температура, ентігу сияқты коронавирустың белгілері байқалса, олар жұмысқа жіберілмейді. Бірден жедел жәрдем шақырылады, - дейді Дягилева. 

Сонымен қатар, барлық мекемеде дезинфекциялық және тазалау құралдары болу керек және оның бекітілген нормасы бар екен. 

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин 20 сәуірден бастап бірінші кезекте азық-түлік, химиялық өнеркәсіптердің жұмысы қайта жанданатынын айтты. Яғни, қала тұрғындарын тамақпен және гигиеналық құралармен қамту қолға алынбақ. 

Сонымен қатар, машина жасау, құрылыс саласы және пластик өндіру секілді бірқатар кәсіпорын жұмысын бастайды. Ол кәсіпорындардың барлығы жұмысшыларының санитариялық қорғанысын қаматамасыз ете отырып іске қосылады. Құрылыс саласы бұған дейін де жұмыс істеп келді, өйткені қазіргі көктем кезі - нағыз құрылыстың қызатын кезі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Тек жұмысшылардан қауіпсіздік шараларын сақтану талап етіледі, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы