Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалада себепсіз жүргені үшін 370-тен астам автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілді. Қалада қосымша 4 айыппұл тұрағы ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетейік, карантин режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Қала тұрғындары карантиннің барлық ережелерін сақтауға міндетті. Тәртіпбұзушылар қатаң жауапкершілікке тартылады.Полиция қызметкерлері бақылауды күшейтті. Олар тәулік бойы қалада кезекшілік жұмыстарын атқарып жатыр. Мобильді топтар, жаяу нарядтар жұмылдырылды. Өткізу-бақылау бекеттеріндегі жағдайды дрон арқылы қадағалап жатыр. 6-12 сәуір аралығында 800-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 32-і қамауға алынса, 538-іне айыппұл салынды. 174-і ескерту алды, ал 60 іс сотта қаралып жатыр.
Карантин режимін сақтау қажеттігі туралы бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, кейбір адамдар бұл талапты елемей жатыр. Осыған орай бақылау күшейтілді. Тәртіпбұзушыларды жазалайтын боламыз. Автокөліктерді айыппұл тұрағына, ал істі сотқа жібереміз. Кейбір адамдардың салғырттығынан халық зардап шегуге міндетті емес. Коронавирусты жұқтыру қаупі жойылған жоқ. Қала тұрғындарын қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, өздерінің және біздің уақытымызды зая кетірмеуге шақырамыз. Атқарылып жатқан жұмыстың барлығы сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін жасалуда, - деп атап өтті полиция өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, тұрғындарға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне/дәріханаға, медициналық қызмет алу үшін және жұмысқа бару үшін ғана үйден шығуға рұқсат етіледі.