Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. CОVІD-19 коронавирустық инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес Өскемен қаласы, Семей қаласы және Аягөз ауданы сырқаттанушылық деңгейі жоғары өңірлерге жатқызылды («қызыл» аймақ).
Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Өскемен мен Семей қалалары және Аягөз ауданында 2021 жылғы 23 сәуірден бастап 3 мамырын қоса алғанға дейін қатаң шектеу шаралары енгізілді, - делінген хабарламада.
Аягөз ауданында 2 санитариялық бекет орнатылады.
Өскемен мен Семей қалалары және Аягөз ауданында объектілердің қызметі «қызыл аймақтың» шарттары бойынша жүзеге асырылатын болады.
Ғимарат сыртындағы азық-түлік базарлары мен шаруашылық заттар базарлары сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істейді, жексенбі күні жұмыс істемейді. Ғимараттардың ішіндегі азық-түлік базарлары мен шаруашылық заттар базарлары сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді. Азық-түлік емес тауарларды сататын сауда объектілері (супермаркеттер, гипермаркеттер, сауда үйлері, сауда желілері, СОО) жұмыс күндері сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейді, сенбі және жексенбі күні жұмыс істемейді.
Қоғамдық тамақтану объектілері (үй-жайлардағы) сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде/ұйымдарында 15 адамнан аспайтын топтарды жинақтау сақталған кезде кезекші топтардың болуына рұқсат берілген.
Көрермендердің қатысуымен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.
Қаулының толық нұсқасымен танысу үшін сілтеме арқылы өтіңіз.