Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесті.
Бөлім басшысы өз қарамағындағы бас маманмен келісіп, «Covid-19» коронавирустық инфекциямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған пара сомасын берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Лауазымды адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды, -делінген хабарламада.