Қарағандылық полицей өртке оранған моншадан баланы аман алып шықты

31 Мамыр 2021, 22:32
13654
Бөлісу:
Қарағандылық полицей өртке оранған моншадан баланы аман алып шықты
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандылық ІІМ академиясының қызметкері, полиция лейтенанты Шерхан Төлеухан және оның досы Жантөлеу Егінбай Қарағандыда өртенген моншаның ішінен алты жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 29 мамырда Қарағандыда Ермеков көшесінің бойындағы «Кедр» моншасында өрт болды. Сол кезде полиция қызметкері Шерхан Төлеухан досымен бірге айқай шуды естиді. Жас жігіттер душ кабинасында болып, өрттің басталғанын білмеген. Бір мезетте моншаның іші түтінге толып, адамдарды үрей басты.


ТЖД хабарлағандай, Шерхан досымен бірге цокольді қабатқа жүгіріп барып, заттары мен құжаттарын алмақ болады. Алайда олар бала ұстап тұрған ер адамды көреді. Ол жігіттерге баланы беріп жіберіп, әйелі мен қызын құтқаруға кетеді. Жігіттер уақыт жоғалтпай, бірден сыртқа беттеп, баланы таза ауаға шығарады.

Шыға берісте от лаулап кетті. Сипап жүріп шығатын есікті таптық. Төбеден өртенген заттар түсіп жатты. Менің досым Жантөлеу Егінбай баланы дымқыл орамалмен орады, біз далаға жүгіріп шығып, қауіпсіз жерге бардық. От қатты лаулап жанды, - деді Шерхан.

Ер адамдар өз өмірлеріне төніп тұрған қатерге қарамастан баланы жанып жатқан ғимараттан алып шықты.

Полицейдің сөзінше, баланы тыныштандырған соң, оның атын сұрап, ата-анасын іздей бастапты. Біраз уақыттан кейін әкесі келіп, балаға қарай тұруын өтініпті. Ал өзі әйелі мен қызын іздеуді жалғастырмақ болыпты.

Қарағанды облысы ТЖ департаментінің басшылығы полиция қызметкері мен оның досын баланы аман алып қалғаны үшін марапаттауды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы