Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады

9 Ақпан 2021, 11:04
5986
Бөлісу:
Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады
PHOTO

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 10 ақпанда Қарағандының қала мәртебесін алғанына 87 жыл толады. Атаулы іс-шараға орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында фотокөрме ұйымдастырылып, Н.В. Гоголь атындағы кітапханада виртуалды экскурсия өтеді.

Қарағандыға қала мәртебесі 1934 жылы 10 ақпанда берілген. Бүгінде шаһарда 500 мыңға тарта халық тұрады. Шағын қалашықтан еліміздің ірі индустриялды орталығына айналған Қарағанды халқының өмірі көмір кеніштерімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Дегенмен де, кеншілер қаласы бүгінде өндірісі мен өнеркәсібі ғана емес, өнері мен мәдениеті де қатар дамыған қалаға айналған. 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың кеншілер шаһарына сапары барысында Қарағандының «миллионер» қала атануына барлық мүмкіндігі бар екендігін айтып, мұндағы өндірісті дамытып, тұрғындардың әлеуетін арттыру қажеттігін айтқан болатын. 

Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады

Қала күніне орай ұйымдастырылатын шаралар легі Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайындағы көрмеден бастау алмақ. Мұнда 9 ақпан күні «Қарағанды» фотоклубының көрмесі көрерменге жол тартады. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, көрмеге 17 автордың Қарағанды жайлы 120 жұмысы қойылған. 

Фотокөрмеге қала тұрғындары мен «Қарағанды» фотоклубының мүшелері ұсынған жұмыстар қойылады. Көрме 21 ақпанға дейін жалғасады деп күтілуде. Мұражайда барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін есігіміз ашық, - дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Назерке Жартын. 
Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады

«Қарағанды» фотоклубы 2019 жылы қыркүйек айында құрылған болатын. Клубтың құрамында кәсіби фотографтармен қатар инженерлер, студенттер, заңгерлер бар. 

Пандемия қаламызда өтіп жатқан іс-шараларға, зауыттар мен фабрикаларға, еңбек ұжымдарына баруға мүмкіндік бермеді. Көрмеге дайындық барысында туындаған осындай қиындықтарға қарамастан фотокөрмеден қаланың санқырлы өмірі мен тұрғындарының портреттерін, жарқын оқиғалар мен күнделікті қарбаласты әртүрлі жанрдағы суреттер арқылы көруге болады, - дейді «Қарағанды» фотоклубының ұйымдастырушылары. 
Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады

Сонымен қатар, қала күніне орай Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық кітапханасы онлайн форматта кітап көрмесін өткізеді. Виртуалды көрменің көрермендері бейнепрезентация арқылы Қарағанды тарихының қызықты фактілерімен, кеншілер шаһарының көрнекті орындарымен таныса алады. 

Қарағандыға – 87 жыл. Қала күніне орай бірнеше іс-шара ұйымдастырылады

Бейнеэкскурсияны Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының фейсбуктағы ресми парақшасынан тамашалауға болады. Аталған виртуалды көрмеде қала тарихының қызықты кезеңдерімен танысып ғана қоймай, Қарағанды жайлы жазылған кітаптарды тамашалауға мүмкіндік туады. Біздің кітапхананың қорында Қарағанды облысының құрылу тарихы, қала құрылысы жайлы жазылған көптеген кітаптар бар. Өлкетану бөліміндегі барлық кітаптар оқырмандар үшін қолжетімді. Кейбір кітаптар цифрландырылған. Оларды кітапхана сайтынан электронды түрде оқуға болады. Жалпы қарағандылықтардың қала тарихына деген қызығушылығы жоғары, - дейді кітапхана қызметкері Ольга Маторина.

Өзгелердің жаңалығы