Қарағандыға 2021 жылы 180 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделуде

10 Ақпан 2021, 18:53
1878
Бөлісу:
Қарағандыға 2021 жылы 180 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделуде

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы кеншілер қаласына тартылған инвестиция көлемі 178 млрд теңгені құраған. Биыл бұл сомма 180 млрд теңгеге жетпек. Бұл жайлы қала басшысы халыққа берген есебінде мәлімдеді.

Өткен жылы Қарағандыдағы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 447 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. 

Былтыр әлемдегі жағдай өте күрделі болды. Пандемия барлық өмір салдарына әсерін тигізді. Дегенмен, біз экономикалық дамуды жоспарлаған межеде сақтап қала алдық, кейбір салалардың даму деңгейі өсті. 2020 жылдың қорытындысында негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 178 млрд теңгені құрады. Оның ішінде құрылыс жұмыстарына 99 млрд теңге жіберілді. 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24%-ға көп,- деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. 

Дағдарысқа қарсы қолға алынған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 148 жоба қолға алынып, 7119 жұмыс орны құрылған. 

Қазіргі уақытта қала экономикасында өнеркәсіп саласының үлесі жоғары. Қалада 26 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын 750 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» тағы да басқа бағдарламалар жүйесі кезегін күткен мәселелердің оң шешімін тауып, ықпал етуде, - дейді қала әкімі. 

Өткен жылы кеншілер қаласында 299 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 28 квартал-ішілік жолдар, 78 жаяу жүргіншілер жолы жөнделді, 169 аулада спорттық және балалар алаңдары орнатылды, 900-ден аса қоқыс жәшіктер алаңы жабдықталды және де 186 көп қабатты үйдің шатыры мен қасбеттері жөнделді. 17 автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса өткен жылы көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша Карл Маркс – Магнитогорская көшелері және 7-ші магистраль көшелеріндегі тас жолдар күрделі жөндеуден өтті. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы саябағының аумағы абаттандырылды және 113 әлеуметтік-мәдени нысан жөндеуден өтті. 

Кеңдала және Панель-Центр шағын аудандарындағы жылумен жабдықтау желілері қайта жөнделіп, Күнгей шағын ауданындағы 299 жер учаскесіне инженерлік желілер тартылды. Жаңа жылдағы ендігі міндет – экономиканың даму қарқынын қалпына келтіру. Бұл орайда Президентіміздің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында нақты мақсаттар мен елімізді дамытудың басты бағыттары жол бастаушы болмақ. Оның ішінде қалаға инвестиция тарту мен азаматтардың нақты табысын көбейту басты мақсатымыз болып отыр,- дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өзгелердің жаңалығы