Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында педагогтарды вакцинациялау басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 6200 мұғалім ерікті түрде екпе салдыруға келісім берген. Вакцинациялау тегін түрде жүргізіледі.
Бүгіннен бастап Қарағанды облысының Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларындағы педагогтарға вакцина салдыру басталды. Педагогтармен қатар медицина қызметкерлеріне екпе салу жұмыстары да жалғасын табатын болады. Бұл үшін 115 арнайы кабинет жабдықталған. Қарағанды қаласында екпе салатын 4 орталық ашылған, оларда 15 кабинет жұмыс істеп тұр.
Наурыз айынан бастап педагогтарды вакцинациялау процесі басталды. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне екпе салдыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта ерікті түрде вакцина салдыруға 6200 педагог келісім берді. Біздің тарапымыздан аумақтар бойынша жоспар құрылып, вакцинациялау жүргізілетін болады, - дейді Қарағанды облысының Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова.
Қазіргі уақытта педагогтар мен медицина қызметкерлеріне ресейлік Спутник V вакцинасы салынып жатыр. Алдағы уақыттары қазақстандық вакцина егілетін болады. Әзірге отандық вакцина клиникалық тексерістен өтуде.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні 2442 медициналық қызметкер вакцинация алды. Бұл Қарағанды облысына бөлінген вакцина көлемі. Бұған қосымша 7000 вакцина келген. Бұл вакциналар медицина қызметкерлері мен қатар педагогтарға да салынатын болады. Бибүгіл Райханқызының айтуынша, 15 наурыздан кейін Қарағанды фармацевтикалық кешенің базасында дайындалған ресейлік Спутник V вакцинасы жеткізілетін болады.
Бүгін мен Covid-19 вирусына қарсы вакцинаны алдым. Бұл вакцинаның қазіргі таңда ерекша маңызды екендігін түсінемін. Себебі Қарағанды қаласындағы білім беру ұйымдарында 1 наурыздан бастап балалар мектепте білім алатын болады. Балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі үшін әр мұғалім жауап береді. Мұғалімдердің бұл тікелей міндеті. Осы себепті вакцинаны алуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын, - дейді Қарағанды қаласы Нүркен Әбдіров атындағы ЖББМ-тің директоры Гүлшат Баграмова.
Педагогтың айтуынша, екпеден кейінгі жағдайы жақсы, өзін қалыпты сезінеді. Ұстаз өткен жылдың шілде айында коронавирус сырқатымен ауырған.
Вакцинадан кейін денсаулығымда ешқандай өзгерісті байқаған жоқпын. Жалпы екпе алардан бұрын денсаулығымды тексеруден өткіздім. Денсаулығымда вакцина кері әсер ететіндей сырқаттар болмағандықтан, екпе салуға келдім. Отбасым, туғандарым өткен жылы бір айдай осы вируспен ауырдық, сырқаттың қиындығын көрдік. Енді екінші рет ауырғым келмейді. Сондықтан да екпе салу керектігін жақсы түсінемін. Бұл вируспен сырқаттанғаннан кейін алты ай өткеннен кейін вакцина салдыруға болатындығын білгеннен кейін осындай шешімге келдім, - дейді Г.Баграмова.
1 наурыздан бастап Қарағанды облысының мектептерінде 1-5 және 9-11 сынып оқушылары комбинациялық білім беру үдерісіне көшті. Яғни 70 пайыз пәндер мектепке, қалған 30% пәндер қашықтықтан оқытылады.
Бүгін вакцина алуға мен ғана емес, менің әріптестерім, Қ. Сәтбаев атындағы гимназияның педагогтары да келді. Бұл біз үшін маңызды оқиға деп санаймыз. Себебі, біз көптеген балалармен, ата-аналармен тікелей қарым-қатынасқа түсеміз. Өзіміздің қауіпсіздігіміз ғана емес, аталған адамдардың да қауіпсізідігі маңызды. Сондықтан да вакцина салдыру пандемияны жеңудің, қалыпты өмір сүруімізге қайтып оралуымыздың бірден-бір жолы екендігін көрсету міндетім деп санаймын. Бүгін екпе салдыруға гимназиядан 4 педагог келдік. Бұл ерікті түрде вакцина салдыруға келісім білдіргендер, - дейді Қ. Сәтбаев атындағы гимназияның директоры Наталья Мисюрина.