Қарағанды облысының төрт ауданы астық жинауды аяқтады

21 Қыркүйек 2021, 12:30
1063
Бөлісу:
Қарағанды облысының төрт ауданы астық жинауды аяқтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында Абай, Жаңаарқа, Ұлытау және Шет аудандарының шаруа қожалықтары астық жинауды аяқтады. Биыл өңірдегі астық жинау алқабы 930 мың гектардан асты. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыста дәнді дақылдарды жинауды 25 қыркүйекке, картопты – 30 қыркүйекке, көкөністерді – 10 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен аппараттық онлайн-кеңесте күзгі дала жұмыстарының барысы туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров және аудан әкімдері баяндады.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп жинау алаңы 11 208 гектарды құрады және 1 610 гектар жерден көкөніс жиналды.  20 қыркүйектегі жағдай бойынша 888 мың гектар жерден астық жиналды және бастырылды, немесе 95,2%. 9,3 ц/га орташа өнімділік кезінде 829,5 мың тонна астық бастырылды. Жоспарланған 109 мың тонна астық тұқымының 99,6 мың тоннасы немесе 91,4% себілді, – деп хабарлады Асқар Санаубаров. 

1 989 астық жинайтын комбайн, 62 картоп жинайтын комбайн және 90 картоп қазушы жұмысқа тартылды.

Асқар Санаубаровтың айтуынша, жиналған астықтың сапасы жақсы. Облыста астық қоймалары да жеткілікті.

Астықтың резервтік қорын қалыптастыру бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Қабылдауға алты астық өңдеу кәсіпорны дайын.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына егіннің уақытылы жиналуын бақылауды, әлеуметтік нан мен картоптың бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы