Қарағанды облысының көктемгі су тасқынына дайындығы тексерілді

17 Наурыз 2021, 21:50
1149
Бөлісу:
Қарағанды облысының көктемгі су тасқынына дайындығы тексерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облсының әкімі Жеңіс Қасымбек Төтенше жағдайлар департаментімен бірге Бұқар жырау және Абай аудандарының су тасқыны қауіпі бар учаскелерін тексерді. Бұл туралы әкім өзі хабарлады.

Өткен жылы Топар өзенінің 2,6 шақырымын санациялау жүргізілді. Осы жылы Топар бөгетінің күрделі жөндеуін аяқтаймыз. Сондай-ақ Шерубай-Нұра өзенінің 17 шақырымға жуық аумағын санациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Нұра өзені арнасындағы Ынтымақ су қоймасының гидроторабын қарап шықтық. 2017 жылы көктемде су басқан Бұқар жырау ауданының Садовое ауылында су тасқынына қарсы тұрғызылған қорғағыш жер білігі нығайтылды - деп жазды әкім.

Сондай-ақ Самарқанд су қоймасының гидроторабында су ағызу жұмыстары жалғасуда.

Жалпы алғанда, соңғы 5 жылда облыс аумағында су тасқынына қарсы 220 км жер біліктері тұрғызылды. Су тасқынына бейім барлық 173 елді-мекеннің бойындағы 76 км өзен арналары тазартылды. Олардың барлығы ерекше бақылауға алынып, азаматтық қорғаудың облыстық жүйесінің барлық күштері мен құралдары дайындық қалпына келтірілді. Бұл 6 700 адам және 1 600 техника. Космомониторингтің деректері бойынша бүгінгі таңда облыстың 85% аумағында қар бар - дейді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар әкім барлық қызметтерге қар жинауды және су өткізу құбырларын тазалауды бақылауды тапсырғанын айтты. 

Бүгінгі таңда 1,2 млн текше метрден астам қар шығарылды. Сондай-ақ қауіпті аймақтарда тұратын адамдарға су басқан жағдайда қалай әрекет етіп, қайда хабарласу керектігін түсіндіру өте маңызды. Сонымен қатар, біз адамдарды уақытша орналастыру бекеттерін әзірлейміз. Су тасқынының қауіпті кезеңінде су деңгейін күнделікті бақылау ұйымдастырылады. Бұл кезекші қызметтерге қауіпті жағдай туындаған сәтте жедел әрекет етуге мүмкіндік береді - деді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы