Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында бүгін 75 ауылдың әкімі сайланады. Ең көп ауыл әкімдері Нұра, Бұқар Жырау, Осакарова және Қарқаралы аудандарында сайланатын болады. Кандидаттар арасында белсенділік жоғары. Бір орынға 3-4 кандиттан келеді.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша сағат 14.00-дегі жағдай бойынша облыста тізімге енгізілген сайлаушылардың 48 пайызы дауыс берген. Халық арасында жоғары белсенділік Ұлытау, Қарқаралы, Осакаров аудандарында байқалуда.
149 сайлау учаскесіндегі сайлау процесін 400-ге жуық байқаушы бақылауда. Сайлау учаскелеріндегі қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың, сондай-ақ, кандидаттардың сенім білдірген байқаушыларды тарапынан ешқандай шағымдар мен өтініштер түскен жоқ, - дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.
Өңірдегі 13 ауылда, 17 кентте және 45 ауылдық округте өтіп жатқан ауыл әкімдерін сайлаудың қорытындысы дауыс беру аяқталғаннан кейін және дауыстар саналғаннан соң 3 күн ішінде шығуы тиіс. Сайлаудан кейін жеті күн өткен соң аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркеп, ол өз өкілеттілігіне кіріседі. Ауыл әкімдері төрт жылға сайланады.