Қарағанды облысында көшпелі мәдениет фестивалі басталды

16 Маусым 2021, 06:27
1895
Бөлісу:
Қарағанды облысында көшпелі мәдениет фестивалі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі басталды. Aлғаш рет өткізіліп жатқан шара жаздың соңына дейін жалғасады. 

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Фестиваль бүкіл өңірді аралайды. Шараның мақсаты – шығармашылық, музыка, қолөнер, ойын және спорт арқылы өз халқы мен өлкесінің мәдениетін көрсету.

Облыстың әрбір ауданы мен қаласында қазақтың ұлттық қолөнерінің көрмесі (әбзел, текеметтер, ағаштан, сүйектен, металдан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер) ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлттық киім дайындау және дефиле көрсетілімдері өтеді. Этноауылдар безендіріледі.

Фестивальде ақындар, күйшілер, термешілер, жыршылар, фольклорлық ансамбльдер, айтыскерлер, домбырамен ән салатын әншілер өнер көрсетеді. Сондай-ақ, тоғыз құмалақ, асық ату, қазақша күрес және басқа да танымал ұлттық ойындар көрсетіледі.

Фестиваль облыстың барлық 18 өңірінде – тоғыз аудан мен тоғыз қалада өтеді. Бүгін бірінші күн. Фестиваль тамыз айының соңында аяқталады. Қазылар алқасы мен Saryarqa телеарнасының түсірілім тобы Ақтоғайға келді, содан кейін олар Шет ауданына барады. Saryarqa телеарнасы Фестивальдің күнделігін эфирге шығарып отырады. Әр өңірде іс-шараға қатысушылар өз бағдарламаларын ұсынып, өнер көрсетеді. Желтоқсан айында Қарағандыда гала-концерт өтеді, онда фестивальдің үздік шеберлері мен орындаушылары өз өнерлерін көрсетеді, – деді ОМСХШ ҒӘО мәдени-бос уақыт жұмысы бөлімінің басшысы Алтынай Нұрманбаева.

Өзгелердің жаңалығы