Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында Кенді тауының арасында орналасқан Ащысай ауылына баратын жолдар уақытша жабулы.
Бүгін Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және №12 ӨСБ жеке құрамымен бірлесіп, қолайсыз ауа-райы кезінде жол талғамайтын «Камаз» жүк көлігімен Ащысай ауылындағы таулы аумақтың тұрғындарына көмек қолын созды. Қар құрсауында қалған Ащысай ауылындағы 40 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.
22-24 қаңтар аралығында ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты таулы аудандардағы Кентау-Ащысай автокөлік жолдары жабылды. Табиғаттың тосын мінез танытуынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автокөлік иелеріне ұзақ жолға шықпауға қатаң ескерту» жарияланды.
Хабарландыруларға қарамастан алыс жолға шыққан тұрғындар қар құрсауында қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Кентау қаласындағы №12 ӨСБ байланыс бекетіне жолда қалып қойған автокөлік иелерінен көмек сұраған қоңыраулар көбейген. Жедел құтқару жұмыстарына Кентау қаласының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері және №12 ӨСБ жеке құрамы қатысты.