Канвон Олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздың соңғы легі елге оралды

3 Ақпан 2024, 15:13
499
Бөлісу:
Канвон Олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздың соңғы легі елге оралды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздың соңғы легі елге оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Cпортшыларды Астана әуежайынан елордалықтар мен туыс-туған, дос-жарандары күтіп алды.

Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар-1 ақпан күндері аралығында Оңтүстік Кореяда өтті.

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Аталған төртжылдық додада қазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 20-орынға ие болды.

Жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиада ойындарының тұңғыш алтын медалін шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных жеңіп алып, есімін қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазып қалдырды.

Ал қола медальдің бірін шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз арасынан Полина Омельчук жеңіп алса, екінші қола медалді Қазақстан қоржынына хоккейшілеріміз салды.

Канвон провинциясының Каннын қаласында өткен додада Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында 41 спортшы 5 спорт түрінен бақ сынап, 55 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша сынға түсті.

Өзгелердің жаңалығы