Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағын» екінші рет әйел режиссер жеңіп алды

18 Шілде 2021, 15:34
2068
Бөлісу:
Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағын» екінші рет әйел режиссер жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 74-Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» француз Джулия Дюкорноның «Титан» кинокартинасына бұйырды. Қазылар төрағасы америкалық режиссер Спайк Ли жеңімпаздарды жариялау ретін шатастырып алып, тізімді бас жүлдеден бастады, деп хабарлады Қазақпарат.


Джулия Дюкорно фестиваль тарихында бас жүлдеге ие болған екінші әйел болды. «Титан» қанды драмасының егжей-тегжейі Канндағы премьераға дейін құпия сақталды. Режиссер Джулия Дюкорно айтқандай, қорқынышты жанр адамдардың үрейлері мен тілектері туралы тереңірек әңгімелесуге мүмкіндік береді.

«Титанның» сюжет желісінде адамдар, роботтар, автомобильдерге деген құштарлық, зорлық-зомбылық және жоғалған баланы іздеу қамтылған. Биыл басты сыйлық үшін 24 фильм бақ сынады.

Америкалық киноактер және музыкант Калеб Лэндри Джонс аустралиялық режиссер Джастин Курзельдің «Нитрам» кинокартинасындағы рөлі үшін «Ең үздік ер адам рөлі» сыйлығын жеңіп алды. Фильмнің сюжеті өмірде болған оқиғаларға негізделген және Аустралияның Порт-Артур қаласындағы жаппай кісі өлтіру туралы баяндайды. Норвегиялық актриса Ренате Рейнсве норвегиялық режиссер Йоаким Триердің «Әлемдегі ең нашар адам» фильміндегі рөлі үшін «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығын алды.

Картина 30 жастағы әйелдің өміріндегі дағдарыс кезеңіндегі оқиғаларды баяндайды. Израиль режиссері Надав Лапид «Ахедтің тізесі» фильмі үшін Канн кинофестивалінің қазылар алқасы сыйлығына ие болды. Кинофестивальдің құрметті «Алтын пальма бұтағы» италиялық режиссер Марко Беллокьоға табыс етілді. Байқауды ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша ол бұл сыйлыққа «заманауи кинематографияға күш пен еркіндік берген бірегей шығармашылығы үшін» ие болды.

Үздік сценарий жүлдесін Рюсукэ Хамагути «Менің көлігімді жүргіз» фильмі үшін алды. «Аннетт» фильмі үшін француз Леос Каракас үздік режиссер деп танылды.

Өзгелердің жаңалығы