Канада мен Франция Гренландияда алғаш рет өз дипломатиялық өкілдіктерін ашып отыр. Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды бақылауға алу туралы мәлімдемелері аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
6 ақпанда канадалық және француздық жоғары лауазымды тұлғалардан құралған делегациялар Гренландия астанасы Нуук қаласына аттанып, өз консулдықтарын ашты.
Канаданың генерал-губернаторы Мэри Саймон мен сыртқы істер министрі Анита Ананд Канада Гренландия халқын толық қолдайтынын және олардың өз болашағын өздері айқындайтынын мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін Гренландияда тек Исландия мен АҚШ-тың консулдықтары ғана жұмыс істеп келген.
Канада премьер-министрі Марк Карнидің үкіметі Арктикада жыл бойы әскери қатысуды қамтамасыз етуге уәде беріп, елдің солтүстігіндегі инфрақұрылымдық жобаларға 1 млрд канадалық доллардан астам (730 млн доллар) қаражат бөлген. Бұл нысандарды әрі азаматтық тұрғындар, әрі әскери құрылымдар пайдаланатын болады.
Бұл екінші деңгейдегі немесе өңірлік мәселе емес. Бұл – Канаданың өз аумағын қалай қорғайтыны мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосатын үлесінің негізгі бөлігі, – деп мәлімдеген бұған дейін сыртқы істер министрі Анита Ананд.
Euronews мәліметінше, Францияның Гренландиядағы тағайындалған елшісі Жан-Ноэль Пуарье өз міндетін атқаруға кірісті. Консулдық шамамен 30 француз азаматына әкімшілік қолдау көрсетумен қатар, Гренландиямен мәдени, ғылыми және экономикалық салалардағы қолданыстағы ынтымақтастық жобаларын тереңдетуге, сондай-ақ жергілікті билікпен саяси байланыстарды нығайтуға жұмыс істейтін болады.
Франция билігінің мәлімдеуінше, консулдық ашудағы басты мақсат – Гренландия мен Еуропалық одақ арасындағы байланысты күшейту. Бұл аймақ АҚШ президенті Дональд Трамптың бірнеше рет жасаған мәлімдемелерінен кейін Еуропа мен АҚШ арасындағы елеулі келіспеушіліктер ошағына айналған.