Камбоджа мен Таиланд арасындағы шекара маңындағы қақтығыстарға байланысты екі елдің шамамен бір миллионға жуық азаматы қауіпті аймақтардан көшірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Report агенттігіне сілтеме жасап.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қарулы қақтығыстар салдарынан 518 мыңнан астам тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Ведомство өкілдері эвакуацияланғандардың едәуір бөлігін әйелдер мен балалар құрайтынын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елді мекендер мен оқу орындарынан басқа жерлерге көшірілгенін атап өтті.
Министрлік мәлімдемесінде бейбіт тұрғындардың артиллериялық атқылаулар, зымыран соққылары және әуе шабуылдары салдарынан айтарлықтай қиындықтарға тап болғаны айтылған. Бұл шабуылдарда, оның ішінде F-16 жойғыш ұшақтары да қолданылғаны көрсетіледі.
Ал Таиланд билігі Камбоджамен шектесетін аудандардан 400 мыңнан астам адамның эвакуацияланғанын хабарлады.
Қазіргі таңда шекара маңындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Тараптар бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды жалғастырып жатыр.