Калининградта Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

30 Сәуір 2022, 18:49
1729
Бөлісу:
Калининградта Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Калининград облысына жұмыс сапарымен барды. Ол өңір губернаторымен Қазақстан-Ресей ынтымақтастығына қатысты мәселелерді талқылады.

Ермек Көшербаев пен Калининград облысының губернаторы Антон Әлиханов Қазақстанның Калининградтағы құрметті консулдығының ашылуына қатысты. Консулдықты Александр Каневский басқарады, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.

Көшербаевтың айтуынша, консулдықтың ашылуы Калининград облысында тұратын қазақстандықтарға бірқатар мемлекеттік қызмет көрсетуді айтарлықтай жеңілдетуі тиіс. Бұған дейін осы үшін Санкт-Петербургтегі консулдық қызметкерлері Калининградқа келуге мәжбүр болды.

Көшербаев пен Әлиханов Қазақстан мен Калининград облысы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселені талқылады. Тараптар өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және транзит, сондай-ақ туризм саласында ынтымақтастық орнатуға лайықты үлкен әлеует бар екенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Калининград облысы арасындағы тауар айналымының өскенін атап өтті – 2020 жылы ол 54,9 миллион долларды, 2021 жылы 66 миллион долларды құрады. Қазақстан мен Калининград арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды.

Сонымен қатар Көшербаев 1945 жылы сәуірде Кенигсбергті басып алу кезінде қаза тапқан қазақстандық, сержант, Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловтың мазарына гүл шоғын қойды.

Өзгелердің жаңалығы