Өзімді-өзім қамшылап, финалға жеттім – кадрлық резерв жеңімпазы

4 Ақпан 2020, 14:52
4945
Бөлісу:
Өзімді-өзім қамшылап, финалға жеттім – кадрлық резерв жеңімпазы
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше Президенттік кадр резерві жасақталды. Тың бастаманың нәтижесінде ел игілігіне қызмет ететін 300 талантты жас суырылып шықты. Бақсақ, жастар резервіне кіргендер – үкіметте еш тамыр-танысы жоқ, қарапайым ауылдан шығып, өз күшімен көтерілген, я болмаса шетелден білім алып келген озық ойлы мамандар екен. Яғни, бұл байқауда "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерге жол берілмегені, әділ әрі жария өткені байқалады. 

Дегенмен, жастар резервінің жеңімпаздарын бірі білсе, бірі білмейді. Ел танымай жатады. Көпшілікке беймәлім. Себебі, олар анау айтқандай, ығай мен сығайдың, кілең ел "жақсыларының" ұл-қызы немесе немересі емес. Адал еңбек, кәсіби қабілетпен көзге түсіп, өзгеден оза шапқандар. Сондай дарынды жастың бірі – Әйгерім Аманбаева. Ол – еңбек жолын дүкенде сүт сатушысы болып бастап, кейін бас ветеринария дәрігеріне айналған батыл жан. "Ноутбукқа жоламаңдар, камераға түсіп қаласыңдар" деп балаларын әрі қуып, бері қуып, таласып-тартысып іріктеуден сүрінбей өткен үш баланың анасы.

Жуырда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы болып жаңа лауазымға тағайындалған білікті маман BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген еді. 

Дүкен сатушысынан Басқарма басшысына дейін
Тілші: Сізді жастарға, өзіңіздің үзеңгілес әріптестеріңізге мотивация, яғни шабыт бере алатын маман ретінде көремін. Айтыңызшы, сүт бөлімінің сатушысынан басқарма бастығына дейін қалай көтерілуге болады? 

Әйгерім Аманбаева: Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Алайда, Алматы қаласында өстім, қалыптастым. Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің түлегімін. Оқуды бітірген соң дүкенде сүт бөлімінің сатушысы болып жұмыс істедім. Аталмыш дүкенде өзімді жақсы қырымнан көрсете біліп, кассир, бас кассир, одан кейін администратор, яғни, әкімгер тауартанушы (тауар айыра білетін маман – ред.) және дүкен басқарушысына дейін көтерілдім. Осы қызметтен кейін барып қана мемлекеттік қызметке орналастым. Алғашқы мемлекеттік қызметім 2009 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округінде бас маман – ветеринариялық дәрігер болып қызмет еттім. Одан кейін Қарасай ауданындағы Жандосов ауылында еңбек жолымды жалғастырдым. Кейін Алматыда бас ветеринария дәрігері болдым. 2015 жылдан бастап, Астана қаласының аумақтық инспекциясында мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспектор қызметін атқардым. 2017 жылы Мемлекеттік Басқару Академиясының "мемлекеттік саясат магистры" атандым. Содан, міне, осы президенттік жастар кадрлық резервіне қатыстым.

Көкейде мен-мұндалаған күдік
Тілші: Іріктеу әділ өтпеуі мүмкін деген қандайда бір күдік болды ма Сізде? Сенімсіздік пайда болды ма?

Әйгерім Аманбаева: Әділ әрі шынайы өтетініне сенімді болдым. Бірақ мына бұқаралық ақпарат құралдарында неше түрлі жарияланымдар шыға бастады ғой. Жоғары балл алғандардың көбісі – белгілі азаматтар мен танымал тұлғалардың балалары екен. Өздері де жетістікке жеткендер екен деген кезде, өзіме деген сенімсіздік пайда болды. Мысалы, ол кісілердің шетелде оқыған білімдері бар. Басқарушылық қызметтері бар. Осы орайда "мен қалай өтемін, әрі қарай өте аламын ба?" деген күдік көкейімде мен мұндалап тұрды. Бір жағынан, осы кезеңге дейін сүрінбей өткеніме шүкір деп өзімді-өзім жұбатқан кезім де болды. Дегенмен, нақты айтатын болсам, бұл байқаудағы әрбір азамат пен азаматша өз еңбегімен, ақыл-парасатымен өтті. Және де таза өз білімімен шықты дегенге 100 пайыз сенімдімін.

Тілші: Әйгерім Ақдарбекқызы, Президенттік жастар резервін іріктейтін жобаға қатысамын деп қашан шешім қабылдадыңыз және неге дәл осы ауыл шаруашылығын таңдадыңыз?

Әйгерім Аманбаева: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды платформасында жастар кадрлық резерві туралы айтқан болатын. Сол кезде мен бұл жобаға қатысамын деп шешім қабылдадым. Себебі, менің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асты. Қызметімді ауылдық округтен бастаған едім. Одан кейін, Алматы мен Астана қаласында да жұмыс істедім. Бүкіл жинаған тәжірибемді елімнің көркеюіне пайдаланғым келді. Мен өзім – елімнің патриотымын, ветеринария саласының жанашырымын. Қазір байқап отырсақ, дамыған елдер экономикасының драйвері – ауыл шаруашылығы. Өйткені, ауыл шаруашылығы тікелей адамдардың өмір сүру сапасын жоғарылатуға әсерін тигізеді. Мәселен, "Қазақстан – 2050" стратегиясында тағамдық қауіпсіздік жайында да айтылған болатын. Ауыл шаруашылығын қалай дамыту керек деген сұраққа менің жеке көзқарасым бар. Елдегі ветеринария саласының қызметі мен міндеті қандай екенін өте жақсы білемін. Осыған байланысты, іріктеуге қатысамын деп бел шештім. 

Таза, ашық және жария
Тілші: Байқаудың ұйымдастырылуы көңіліңізден шықты ма? Жеңімпаз ретінде емес, азаматша ретінде баға берсеңіз? 

Әйгерім Аманбаева: Конкурстың ұйымдастырылуы көңілімнен шықты. Себебі, құжат тапсыру кезінде шетелде тағылымдамада болған едім. Басқа елде жүріп, құжаттардың барлығын онлайн түрде жүктеп, конкурсқа жолдадым. Және де әрбір кезеңдерінің өзі өте қызықты болды. Егер болашақта мемлекеттік қызметке қабылдау осындай деңгейде өтетін болса, мемлекетіміз қарқынды дамиды деп ойлаймын. Өйткені, бұл расымен де, таза өткен байқау болды. 
Аssessment кезеңіне жеткен кезде, сол жердегі ұлдар мен қыздарды көріп, көңілім көншіді. Себебі, айтады емес пе, "достойный из достойнейших!" деп. Осы тұрғыдан маған өте ұнады. Яғни, бұл конкустың таза, ашық және жария өткенін дәлелдеді. 

Байқау не берді
Тілші: Президенттік резерв қазақстандық жастарға не береді және неден үміттісіз? 

Әйгерім Аманбаева: Бұл байқау қазақстандық жастарға мүмкіндік береді. Уақытты үнемдеп, адам өзінің потенциалын бірден жұмысқа бағыттауға жол сілтейді. Бүгінгі жастар өкілі өзге елдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті, ой-өлшемі қашан да ілгері. Осылай деп нық сеніммен айта аламын. Бұл жоба өз жалғасын табу керек деп санаймын. Оның үстіне, мемқызметке іріктеуде осы кезеңді ұдайы пайдалану керек. Әрі қарай жалғастыру қажет. 

Мен ветеринария саласын дамытуда жеке көзқарасымның қалыптасуына АҚШ-та өткен стажировка және жақында Үндістан елінде өткен тағылымдама оң әсерін берді. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқару Академиясында диссертациялық жұмысымды жаздым. Сол кезде дамыған мемлекеттердің тәжірибелерін көрдім. Таныстым. Пысықтадым.

Қазіргі қызметіме 14 қаңтарда тағайындалдым. Бүгінде – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Биологиялық қауіпсіздік және басқа да объектілерді орналастыру басқармасының басшысымын. Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұр-сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бас маманы болып қызмет еттім. 

Нақты бір шешім қабылдау үшін мен бүгінгі болып жатқан жағдайды толығымен зерттеп, қарап көріп жатырмын. Анализ жасай отырып, халықпен тығыз байланыс орнатып, статистиканы саралап және халықаралық есептермен таныса отырып, алдағы жоспарымды жүзеге асырмақшымын. 

1 емес, 5 министрлік жұмыс ұсынған
Тілші: Сізге мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардан ұсыныстар түсті ме?

Әйгерім Аманбаева: Резервке қабылданғаннан кейін көптеген министрліктен ұсыныстар түсті. Денсаулық сақтау министрлігі, Көлік және транспорт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сауда және интеграция  министрліктері мен жергілікті аймақтардан да әртүрлі ұсыныстар келді. Алайда, мен ауыл шаруашылық саласын таңдадым. Себебі бұл салада – экспертпін, білімім бар. Халықаралық деңгейде алған тәжірибем бар дегн сияқты. Сол себепті, басқа салаға барып, оны қайтадан үйренудің орнына өзімнің білетінімді, бойымда бар қабілетім мен талантымды таныта алатын саланы, яғни ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін таңдадым. 

Ноутбукқа жоламаңдар, камераға түсіп қаласыңдар...
Тілші: Конкурс кезінде жанұяңыз қолдау көрсетіп, демеу болған шығар?

Әйгерім Аманбаева: Әлбетте, әкем – зейнеткер, анам – шәкірт тәрбиелеген ұстаз, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері. Үш балам бар. Басымнан өткен қызық жағдайды айта кетейін, эссе жазу барысында өлшеулі уақытқа онлайн түрде эссе жазу қажет болды. Ойымды жинақтап, шығарманы жазайын десем, ортаншы мен кенже балам қасыма келіп кезек-кезек келеді. «Ноутбукка жоламаңдар, камераға түсіп қаласыңдар» деп оларды қуып жатырмын ғой. Сөйтсе, екеуі келіп оң жағымнан бастарын шығарып кетеді, біресе сол жағымнан жылт етіп бастарын шығарып кетеді. Әйтеуір, таласып-тартысып жүріп, этаптардан сәтті өттік деп айтсақ болады. 

Әріден соң, ана болған соң бала тәрбиесінде Ұлы Абайдың "Кемел адам" концепциясын пайдалануға тырысамын. Үлкен қызым Қазақстан мен дүниежүзі тарихын жақсы көреді. Түрлі олимпиадаларға қатысады. Жүлделі орындарға ие болды. Ортаншы қызым гимнастикамен айналысады. Ал, кенжем балабақшаға барады. "Толық адам" болсын деп, тек білім мен спорт жағынан ғана емес, жан-жақты дамытуға тырысамын. 

Әрқайсысы өз алдына – нар тұлға
Тілші: 13 мың үміткердің ішінен суырылып алға шығу оңай шаруа емес. Қандай кедергілерге тап болдыңыз?

Әйгерім Аманбаева: Бірінші қиыншылық жоба жасау кезінде уақыт тапшылығына байланысты туындады. Жұмыс бар, үй шаруасы мен бала-шаға дегендей. Неде болса кері кетпеймін деп, өзімді қамшылап, финалға дейін жеттім. Менімен бірге қатысқан "достарым мен таныстарымның көбі жобалық кезеңге дейін жете алмады" деп намысқа тырыстым. Уақыт таптым. Сөйтіп, жобаны әзірледім. 

Мен үшін екінші бір қиындық – Аssessment кезінде әуелде оффлайн түрде кездесу. Мұнда біз топқа бөлініп, командамен жұмыс істедік. Өзіңді қай қырынан ашып көрсете аласың дегенде маған күрделі болды. Себебі, мен бұл жерде топпен бірге жұмыс істей алатын маман ретінде айқындап көрсеткім келді. Басқару қабілетім мен лидерлік қасиетімді айшықтағым келді. Жанымда өте білімді әрі әртүрлі саланың ер-азаматтары болды. Әрқайсысын нар тұлға деп айтсақ болады. Әсіресе, Ассесорлар (баға берушілер – ред.) қарап тұрған кезде қатты қобалжыдым. 

Халыққа қызмет ету – мінезден
Тілші: Президентпен өткен кездесуде өміріңізге жаңа леп, жаңа ой мен жаңа идея тудырған сәттер болды ма?

Әйгерім Аманбаева: Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 300 жеңімпазбен кездесу барысында айтқан ерекше әсер қалдырған сөздерінің бірі – "халыққа қызмет ету – мінезден" деген сөзі. Өзім 10 жыл бойы байқағаным, егер бойыңда адами қасиет болмаса, халықтың мүддесіне адал қызмет ету өте қиын. 

Ұлы Абайдың "кемеліне жеткен тұлға", халық үніне құлақ асатын мемлекет – мұның барлығы халықты тыңдап, түсіне білетін елдің бағдары деп есептеймін. Осындай мемлекетте өмір сүргім келеді және балаларымыздың болашағы үшін осындай өркениетті әрі дамыған елде тұрғымыз келеді. 

Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қабырғасында білім алып жүргенде жобалық кеңсе, яғни "Мүмкіндіктер плацдармы" деп аталатын жобаны іске асырдық. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы тұрғындар мен мемлекеттік органның бірінші басшыларын көзбе-көз жүздестірдік. Барлығы 500 азамат өздерін алаңдатқан тікелей сұрақтарын биліктегі басшыларға қоя алды. Тұрғындар тұшымды жауаптарын алды.

Өзгелердің жаңалығы