Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отысында Премьер-министр Әлихан Смайылов кадрлар тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу шарасын қарастыру керегін айтты.
Біздің басты міндетіміз – білім берудің барлық деңгейінде халықтың жаппай сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының бастамасымен 2022-ші жыл Балалар жылы деп жарияланды. Осыған орай балаларды сапалы білім беру арқылы жан-жақты дамытатын маңызды іс-шараларды қарастыру қажет, - деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім беруде сапаны бағалау құралдарын күшейтіп, балаларды ерте кезден дамытудың әлемдік көрсеткіштерін енгізген жөн.
Орта білім беруде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту сапасын теңестіруге, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығына, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беру керек. Педагогтарды әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында әкімдіктер мен Білім министрлігі кадрлар тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі шараларды қарастырғаны жөн, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Айтуынша, жақын орналасқан мектептен тыс ұйымдарды, тегін мектеп үйірмелерін, спорттық секцияларды, аула клубтарын көбейту жұмысын жүргізу қажет.
Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Оның сапасын, тәсілдері мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерткен жөн. Барлық жерде кәсіпорындардың колледждерді өз қамқорлығына алуын жолға қою керек. Колледждер тек жастарды ғана емес, жұмыс берушілер мен инвесторларды да өзіне тартып, дәстүрлі бағдарламалармен қатар, қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұсынуы тиіс. Біз жұмысшы мамандардың жетіспеушілігін сезініп отырмыз. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында әкімдіктер мен Білім министрлігі осыны ескеруі тиіс. Яғни, әр өңірдегі белгілі бір жұмысшы мамандықтарға деген қажеттілік ескерілу керек, - деді Премьер-министр.