Қаба: Қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру үшін терминқор керек

19 Қараша 2020, 22:31
1519
Бөлісу:
Қаба: Қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру үшін терминқор керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен онлайн семинар өтті.

өзінің кіріспе сөзінде былай деп атап көрсетті: «Терминологияның өзекті мәселелері бойынша биылғы өткізілген  әдістемелік семинарлардағы басты мәселенің бірі – терминдерді біріздендіру мәселесі. Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдыру үшін ұлттық терминқорды қалыптастырудың, оны біріздендіру және жетілдірудің аса маңыздылығы мен қажеттілігі жөнінде жиі ой қозғаймыз. Бекітілген терминдердің сапасы көңілден шыға бермейтіні, яғни мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға толық қауқарлы еместігі де жасырын емес. Сондықтан соңғы бас қосуымыздың бірінде 1971 жылдан бері бекітілген терминдерге мониторинг жасау қажеттігі айтылып, ол туралы қарар қабылдаған болатын. Бүгінгі семинарда мониторинг жасаудың алғашқы қадамы ретінде мониторинг жасаудың әдістемесі ұсынылып отыр. Әдістемелік құралда мониторинг жасаудың талаптары, терминдерді сала бойынша іріктеудің амал-тәсілдері, мониторинг жүргізудің алгоритмі және тағы басқа мәселелер көтеріледі. Өзекті мәселені шешудің тиімді жолдары көрсетіліп, алдағы уақытта мониторингтің сапалы жасалуына зор ықпалын тигізеді деген ойдамын – дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

1971-2019 жылдар аралығында бекітілген 27 мың терминге мониторинг жасау әдістемесін айқындау арқылы терминдерді біріздендірудің  шешу жолдарын ұсыну уақыт талабынан туындап отыр. Осы бағытта өрбіген шараға «ТС ғылыми-техникалық компаниясы» ЖШС директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жөнкешов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының редакция-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы Ербол Әбдірәсілов, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева қатысты.

Әдістемелік құралда бекітілген терминдерді мониторингілеудің талаптары, амал-тәсілдері, терминдерге қатысты оның тілдік және функционалдық аспектілері, қолдану ерекшеліктері қарастырылған.

Сонымен қатар, әдістемелік құралда қазақ тілінің терминологиялық әлеуеті мен халықаралық терминдердің қолданылу қағидаттары барынша толық көрсетілген, осының нәтижесінде тілдік материалдың үлкен бөлігіне мониторинг жасау қолға алынатын болады.

Әдістемелік құрал терминшілерге, терминологиялық жұмыстарды жүргізуге құзыретті мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлеріне, терминдерді аудару ісімен айналысып жүрген филологтар мен сала мамандарына арналған.

Өзгелердің жаңалығы