Бізге қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістерге сай келетін кәсіптік стандарт керек – Мамин

4 Желтоқсан 2019, 18:20
4215
Бөлісу:
Бізге қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістерге сай келетін кәсіптік стандарт керек – Мамин
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда елімізде 480 кәсіптік стандарт әзірленген. 

Олар 2,7 мыңнан аса кәсіпті қамтиды. Еңбек нарығындағы заманауи сын-тегеуріндерге сай келетін осындай кәсіптік стандарттар қажет. Оларды әзірлеу тапсырысы нақты өндірістің қажеттіліктерінен түсуі тиіс. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин біліктілік жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында айтты. 

Кәсіптік стандарттарды әзірлеу жұмыстарын біз Тұңғыш президент - Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2012 жылы бастадық. Бүгінгі таңда 480 кәсіптік стандарт әзірленген. Олар 2,7 мыңнан аса кәсіпті қамтиды. Бізге қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен еңбек нарығындағы жылдам өзгерістерге сай келетін кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламалары қажет. Бұл туралы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл 17 мамырда өткен жұмыспен қамту және еңбек мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан болатын, - деді Асқар Мамин.
Бүгінгі отырыс барысында тиісті министрлік басшылары мен жауапты тұлғалар үкімет басшысына Ұлттық біліктіліктер негіздемесі қабылданып, 36 салалық біліктілік негіздемесі бекітілгенін және Қазақстанда 2025 жылға дейін Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу жөніндегі Жол картасы әзірленгенін баян етті.

Сондай-ақ, 2020 жылы басымдықты салалар бойынша сертификаттау  және біліктіліктерді мойындау жүйесін апробациялау жоспарланып отыр.


Асқар Мамин мемлекет басшысы 2020 жылдың наурыз айының соңына дейін Жаңа кәсіптер атласын әзірлеу бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырғанын атап өтті. Соның негізінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар даярланатын болады. 

Төртінші өнеркәсіптік революция жаңа кәсіптер мен құзыреттердің туындауына түрткі болды. Біз бұған әзір болуымыз керек. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік әріптестіктің барлық тарапының - мемлекеттің, бизнестің, кәсіподақтардың үйлестірілген іс-қимылын талап етеді, - деді А.Мамин.

Премьер-министр "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіптік стандарттарды бекітуді жылдамдамтуды және Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп білім беру стандарттарын өзектендіруді қамтамасыз етуді тапсырды. 

Бұдан әрі жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу бастамасы мен тапсырысы нақты өндірістің қажеттіліктерінен түсуі тиіс. Жұмыс беруші өзіне қандай дағдылары бар маман керек екенін анықтауы керек, - деді Мамин.

Бұдан басқа, үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктеріне "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістерді ескерумен сұранысқа ие кадрларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы