Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Суы мен нуы мол Шығыс өңірінде екі үлкен паром өткелі бар. Оның бірі межелі жерге жетудегі жолды қысқартса, енді бірі бүтін бір ауданды сыртқы дүниемен байланыстыратын тіршілік көзі. Осы себепті біз Көкпекті, Күршім және Катонқарағай аудандарының арасын жалғайтын «Қызыл Ту» және «Васильев» өткелдеріндегі паром қатынасы жайлы айтып өтуді жөн көрдік.
Көктем келе күршімдіктердің басын ауыртып, балтырын сыздататын үлкен проблеманың бірі — паром өткелі мәселесінің бой көрсететіні белгілі. Алты ай қыстың соңын ала көл бетіндегі мұз қабаты қабыршақтана бастасымен мұзды өткел жұмысын тоқтатады. Міне, нақ осы мезгіл жол мұратын мақсат еткен жолаушының қиналып қалатын кезі. Бірі басын қатерге тігіп қызыл суы жайылып кеткен мұзды өткелге бет алса, енді бірі жол уақытын еселейтін айналма жолды таңдап жатады.
Осы салаға жауапты мекеме Күршім және Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл Ту» өткеліндегі паромдар биыл өз жұмыстарын сәуір айының екінші онкүндігінен бастайтынын алға тартуда.
«Күршім ауданы бағытындағы «Қызыл Ту» өткелі өз жұмысын сәуір айының екінші онкүндігінен бастауды жоспарлап отыр. «Күршім» және «Ертіс» паромдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекешелендіруге жататын мемлекеттік нысандарының тізіміне енгізілген. Аталған нысандар 2018 жылғы 14 наурыздағы №87476 электронды сатып алулар хаттамасы негізінде «Құйған айлағы» ЖШС-не сенімді басқаруға берілген», - деді Шығыс Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов.
Паромдарға жөндеу жұмыстарының «Қалқымалы өткел» ЖШС-ның күшімен және арнайы мамандандырылған кәсіпорындар арқылы жүргізілетінін алға тартқан басқарма басшысы олардың көліктерді алып өту бағасы мен жүру кестесінің қазіргі уақытта келісіліп жатқанын айтты.
Қоса кетсек, өткен жылы Күршім ауданына қатынайтын паромдардың бірі жөндеуден өткізіліп, мамыр айының 1 жұлдызынан бастап жұмысқа кіріскен болатын. Сондай-ақ, қабылдап алғанға дейін бұрынғы иелерімен реттелмеген паромның кіреберіс жолдары жөндеуден өткізілген еді. Жұмысын жуырда бастайды.
Ал Бұқтырма суқоймасының «Васильев» өткелі көбіне туристік мақсатта пайдаланатын паромдардың бірі. Бұл өткелге Шығыстың Швейцариясы саналатын Катонқарағайға тартқан жолаушылар ғана атбасын бұрары анық. Алтай ауданын айналып өтуді қаламаған жолаушы көлдің салқын самалын сезініп, суға шомылуды, я болмаса балық аулауды мақсат тұтса бұл таптырмайтын бағыт екені рас. Осы себепті аталған өткел жұмысының күн әбден жылына, мамырдың орта шеніне жете басталатыны белгілі. Биыл да солай болмақ.
«Васильев» өткелі жұмысын ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта рұқсат беру құжаттары келісу кезеңінде. Аталмыш өткелде қатынайтын «Одесса» паромын Асия Кудаскина есімді жеке кәсіпкер өз қарауына алған. Паромның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ол Өскемен қаласындағы «Гидросталь» ЖШС-мен шартқа отырған», - деп қосты Нұржан Жұмәділов.
Басқарма басшысының хабарлауынша, аталмыш паромға жөндеу жұмыстары 2017 жылы жүргізілсе, келесі жөндеу 2020 жылға жоспарланған екен. Сондай-ақ, өткен жылы бұл өткелдің Катонқарағай ауданы жағындағы айлағы қалпына келтіріліп, әрі-бері өткен жолаушы үшін бірқатар қолайлы жағдайлар жасалған болатын.
Қоса кетсек, өткелдердің көліктерді алып өту бағасы және жүру кестесі келісілгеннен кейін облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының transportvko.gov.kz сайтына шығарылады. Ал өткелдердің сапасыз жұмыстары бойынша тұрғындар өз шағымдарын аталған басқарманың 8(7232) 701-698 телефон нөміріне немесе электронды мекенжайына жолдай алады.
Көкпекті ауданынан Күршім және Катонқарағай аудандарына қатынайтын паромдар:
«Күршім» паромы (бұрынғы «Енисей») — дизельді паром автокөлік пен жүк тасымалдауға арналған паром. 1964 жылы Ресейдің Тюмень қаласында жасалған. Паромның ұзындығы 60 метрді, ені 13,8 метрді, ал биіктігі 20 метрді құрайды. Жалпы жүк көтеру мүмкіндігі 185 тоннаны құрайтын паром бір ретте 60 көлікті алып өте алатын мүмкіндігі бар. "Күршім" паромы Көкпекті мен Күршім аудандарын бөліп жатқан Бұқтырма суқоймасының қос жағасына бір күнде 16 рет барып-қайтады.
«Ертіс» паромы - «Күршім» сияқты дизельді паром. Көкпекті мен Күршім аудандарының арасында жолаушы мен көлік тасымалдайтын аталмыш паром бір күнде қос жағаға 14 реттен қатынайды.
«Одесса» теплоходы
Қарт Ертісті есе жүзген «Одесса» теплоходы 1973 жылы жасалған. Жүк көтеру мөлшері 450 тоннаны құрайтын теплоходтың қозғалтқышында 450 аттың күші бар. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілетін теплоход биыл да кезекті жөндеуден өтіп жұмысына кірісіп кетті.