Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргідей қиын әрі күрделі уақытта қандай мемлекет тез арада барынша аз шығынмен дағдарыстан шыға алады?
Ол үшін мемлекеттің тәжірибелі басшысы, мықты басқару жүйесі болуы керек. Мұндай төтенше жағдайда, ең бастысы, басқарушыны ел болып демеп, барынша сүйеу. Былайша айтқанда: "Елім дейтін ерге ерім дейтін ел болу" дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, С Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Күні кеше ғана сайланған Президентіміздің қандай азамат екенін жұрт жақсы біледі. Ол кісінің ел басқару кезеңімен аса күрделі оқиғалар тұспа-тұс келді. Айналасы бір жылдың ішінде елімізде нелер болмады. Алдымен Арыс қаласында қойма жарылды, ұшақ апатқа ұшырады, Мақтааралды тасқын су басты, ал арты әлемді әлсіреткен каронавирус індетіне алып келді. Егеменді еліміздің тарихында болмаған төтенше жағдайға тап болдық, - дейді ол.
Оо осының бәрі Президентке оңай тиіп жатпағанын айтады.
Осының бәрі Президентімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Оны түсінуіміз керек. Тағдыр сынағы. "Жаратушы сынақты көтере алатын адамына ғана береді" дейді. Еліміз үшін шын жаны шырылдап, бар мүмкіндіктерді жасауда.
Оны барлығымыз көріп-біліп отырмыз. Заманауи білімі кемел, алысты болжай алатын халықаралық деңгейдегі басшы. Ең алдымен, таза адам. Мұны баса айту керек. Ал тазалық қандай қоғамды болмасын тығырықтан алып шығар шуақты жол. Міне, осындай күрделі жағдайда елді сол қиындықтан иық тіресе тоқтамай тартып шығаратын мықты атқарушылар, қазіргі тілмен айтқанда, Президенттің командасы болуы керек. Олар елге шын берілген жанашыр жандар болуы тиіс, - дейді Күрішбаев.
Ақылбек Күрішбаев атқарушы биліктің осалдық танытып отырғанын айтады.
Бірақ, атқарушы билік осалдық танытып отыр. Күрделі кезде күре жол таба алмай абдырап қалды. Үкіметтің ұйытқы бола алмауынан қателіктер кетті. Бұл ескі жүйенің дәрменсіздігін дәлелдеп берді. Президенттің өз сөзімен айтқанда: "Бізге мемлекеттік басқаруды қайта жасақтау қажет. Жаңаша бағытта ойлай алатын жаңа орындаушыларға мүмкіндік беріледі. Олар - білімді, белсенді, іскер және адал азаматтар". Қазір көпшілік Үкімет пен биліктің барлық құрылымдарында тез арада өзгерістер енгізуді талап етуде. Дұрыс. Бірақ мұны тез жасай салу оңай шаруа емес. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл жұмыс істеген адам ретінде айтатыным, бізде тек теориялық қана емес, сонымен бірге, практикалық тәжірибесі бар дайын кадрлардың саны өте аз. Егер адам әдемі сөйлесе, ол оның кез келген саланы басқарып кете алатындығын білдірмейді. Тіпті басшылық лауазымдарды айтпағанның өзінде, министрлікте қарапайым қызметке тиісті маман табу кейде өте қиын, - дейді ректор.Ол қалай болған жағдайда да мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру қажет және солай болады. Ол жүйе әділ және ашық болуы керек. Бұл жұмысты Президентіміз қазірдің өзінде бастап кетті дегенді айтады.
Біздің елдің экономикасы көбінесе үлкен бизнесмендер мен алпауыт олигархтарға негізделген. Олардың көпшілігі өздерінің мүдделерін қорғайтыны жасырын емес. Егер өзге дамыған елдердегідей ел экономикасы шағын және орта бизнестің үлесінде болғанда жағдай мүлде басқа болар еді. Ал енді әлгі алпауыттардан қандайда бір күрделі өзгерістерді талап етер болсақ, онда олар ұшақтарына мініп шет ел асып кетпейтініне кім кепіл? Ашығын айту керек, қазіргі нарықтың заманында ондай ірі инвесторларға барлық мемлекеттер таласуға бар. Ал осыдан кейін ел экономикасы бір күннің ішінде құлдырап шыға келмей ме? Сондықтан да, араға алтын көпір сала отырып бір жақты жағдай мен елге ұтымды шешім жасау ел Президентінің басты міндеті екенін түсіну қажет, - дейді ол.Ол бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жақсы ниетпен басшымызды ел болып қолдап, жігерлендіріп отыруымыз қажет дейді.
Бұл жұмыста Президентімізге күш пен қуат, жалынды жігер беретін халықтың өзіне деген риясыз сенімі мен Елбасының қолдауы. Сондықтан біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жақсы ниетпен басшымызды ел болып қолдап жігерлендіріп отыруымыз қажет. Кейбірлеріміз өз отбасымызды басқарамай тұрып, Мемлекет басшысына қисынсыз сөздер айтамыз. Президент бір ғана қазақты емес, миллиондардан тұратын қазақ елін басқарып отырған тұлға. Осыны естен шығармасақ деген ой менікі. Қоғамымызда өзгерістер болуы керек. Болады да. Қазақстан дамыған демократиялық мемлекетке айналуы хақ. Бірақ біз оған революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен келуіміз керек, - дейді ол.
Егериде айтып отырған бітеу жараның беті ашылып кетсе, бұдан да қиын, бұдан да күрделі кезеңге тап боларымыз анық дейді.
Сарапшылардың бағамдауынша, егермде Қазақстанда жағдай ушығып кетер болса, еліміз кем дегенде 25 жылға кейін шегінеді. Демек, жақсы өмір де, біз армандаған әдемі заман да жоқ болады. Ал билік дәрменсіздікке ұрынаса, бізді жан-жақтан қоршап отырған алпауыт көршілеріміз шет облыстарымызды бөліп әкетпеуіне кім кепіл? Бұл - ащы шындық. Бізге, біздің балаларымызға бұл қажет пе? Әрине, жоқ. Сондықтан халықтың бірлігін бекем ұстап мемлекеттілігімізді қалай да нығайтуымыз қажет. "Мына заман той тойлайтын емес ой ойлайтын заман" деп Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен болатын. Түсінген адамға расында да ой салар сөз. Әрқашан қазақ елінде жастарға ақыл беретін, елді біріктіретін зиялы қауым өкілдері мен абыз ақындар болатын, - дейді Күрішбаев.
Ол Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді басқару жолын халыққа түсіндіруге ат салысатын ел ағалары көбейсе игі деген ойды айтты.
Ел басына күн туған уақытта, тән ауыруымен бірге жаны күйзелген елді сабырға шақырып, салиқалы сөз айтатын зиялы қауым, ғалымдар, өнер қайраткерлері емес пе еді. Жар астында жау барын алыстан болжап, елге ақыл айтатын сол зиялыларымыз осындай да ел шетіне шығып, ел басқару жолында салиқалы сөз айтса деймін. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді басқару жолын халыққа түсіндіруге ат салысатын ел ағалары көбейсе игі. Қиын-қыстау заманнан еліміз аман шығып, дамудың даңғыл жолында болайық, ағайын! Деніміз сау, басымыз аман, жүрегіміз таза болсын, - дейді Ақылбек Күрішбаев.