Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесіне басымдық беріледі – министр

18 Қараша 2019, 09:35
3373
Бөлісу:
Көпбалалы отбасылардың баспана мәселесіне басымдық беріледі – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында "Нұрлы жер" бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

"Нұрлы жер" бағдарламасының іске асырылуы аясында 2017 жылдан бастап 33,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 300 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Мемлекет жұмсаған 1 теңге қаражатына 6 теңге жеке инвестиция тартылды. Тұрғын үй құрылысына барлығы 3,3 трлн теңгеден астам қаражат инвестицияланды, - деді Атамқұлов.
Министр тұрғын үйді пайдалануға берудің оң серпіні сақталып отырғанын айтты. Орта есеппен алғанда инвестициялар жыл сайын 18%-ға ұлғайып, жылына шамамен 117 млрд теңгені құрап отыр.
2018 жылы 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл еліміздің бір тұрғынына шаққанда 0,68 шаршы метрді құрайды. ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бір тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 21,9 шаршы метрге жетті. Біздің мақсатымыз 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу. Бағдарлама аясында 3 жыл ішінде 51 мың отбасын сатып алусыз жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелеріне басымдық беріледі, - деді ведомство басшысы. 
Атамқұлов "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша тұрмысы төмен көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар 5 мың отбасыға жеңілдетілген кредит ұсынылатынын атап өтті. 
Халық пен бизнесті баспана салуға ынталандыру үшін жаппай құрылыс аудандарына инженерлік коммуникация өткізуге 225 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, осы қаражат есебінен азаматтарға жеке тұрғын үй салуға арналған. 130 мың жер учаскелері коммуникациялармен қамтамасыз етілді. Субсидияланған кредиттердің шеңберінде жеке құрылыс салушылар 3 жыл ішінде 549 мың шаршы метр тұрғын үй, квазимемлекеттік сектор субъектілері 20 мыңға жуық пәтер салды, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы