Талдықорғанда көпбалалы аналар мен ауған соғысы ардагерлеріне 100 коттедж берілді

4 Қазан 2019, 18:09
3150
Бөлісу:
Талдықорғанда көпбалалы аналар мен ауған соғысы ардагерлеріне 100 коттедж берілді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Талдықорған қаласындағы "Береке" шағынауданында 100 коттедж үй салынып бітіп, пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сөйтіп Талдықорған қаласының туған күніне орай көпбалалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, кезекте тұрған азаматтар қоныстой қуанышына кенелді. Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетов және басқа да белгілі азаматтар салтанатты түрде тапсырды. 

Қолданысқа берілген 100 коттедж қатарымен сап түзеп "Береке" шағын ауданының ажарын ашып тұр. Екі қабатты үйлердің біркелкі тұр-тұрпаты, аршыған жұртқадай аппақ шарбақтары алыстан көз тартады. Баспаналы болу бақытына бөленген көпшілік осы салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталовтың қос мерекемен құттықтаған ізгі тілегін ықыласпен тыңдады.

11 (2).jpg

"Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын! Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көпбалалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз. Елбасы жүргізген, жаңа президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашанда ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын", - деді Баталов.

Мұнан соң қоныс иелері жаңа үйлерінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталовтың, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетовтің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіттің қолдарынан алды.

7 (1).jpg

Сонымен қатар тұрғындарды баспанамен қамтуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқанын атап өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ынта танытқандар қатарында "Сарқан Май", "Адал", "Казфудпродакс", "Жаркент Арасан", "Табыс даму", "Нұр-Шапағат", "Ақсу қант", "Вершки" жауапкерлігі шектеулі серіктестерінің, "Ернар" шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары бар. Осы жомарт жандардың бірқатары ортаға шығып, кілт тапсыру рәсімін атқарды.

Шарада көпбалалы ана Зылиха Нұрсейітова, Ауған соғысының ардагерлері Мұрат Әмитов пен Шормақ Ілиясов тұрғын үй иелеріне құттықтау лебіздерін, облыс және қала басшылығына алғыстарын білдіріп, кино саласының көрнекті өкілі Әлімғазы Райымбеков ақсақал бата берді. Облыс әкімі бастаған ресми өкілдер жаңа үйлерді аралап көріп, көпбалалы аналар Рысқан Ақбәкірова мен Зылиха Нұрсейітованың шаңырақтарынан дәм татты.

Жалпы, Талдықорғандағы "Коттеджді қалашықта" бекітілген жобаға сәйкес жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метр болатын 606 жеке тұрғын үй (коттедждер) салу жоспарланған.

8 (4).jpg

Қазіргі кезде мұнда алаңы 13,9 мың шаршы метрлік екі қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бес құрылыс компаниясы тартылды. Оның 100-і бүгін пайдалануға берілді.

Көпбалалы отбасылар үшін "Le Pes" ЖШС жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 үй салуда. "7-20-25" бағдарламасы арқылы 8 және 9 шағын аудандарда аумағы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастап, келер жылы аяқтау көзделген. Сонымен бірге бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Ал осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында "Нұрлы Жер" бағдарламасы аясында Талдықорғанда 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, бұл 2018 жылдың деңгейінен 1,8 есе жоғары. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын алып отыр.

Өзгелердің жаңалығы