Көктемгі төтенше жағдайларды жою бойынша оқу-жаттығу өтті

21 Ақпан 2020, 02:25
2208
Бөлісу:
Көктемгі төтенше жағдайларды жою бойынша оқу-жаттығу өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылғы 12 ақпаннан бастап Алматы облысының аумағында "Көктем-2020" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде көктемгі су тасқыны болуы мүмкін 40 учаскеде тәжірибелік іс-әрекеттер бойынша оқу-жаттығулар басталды.

Бүгінгі күні жоғарыда аталған іс-шаралар Алматы облысының Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Балқаш, Қарасай, Кеген аудандарында өткізілді. Облыстың басқа аудандарында арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар бекітілген жоспарға сәйкес осы жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталады. Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлардағы басқару органдары, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Алматы облысының аумағында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі бөлімшелері жұмылдырылды.

сурет.jpg

Оқу-жаттығуды өткізу барысында жергілікті атқарушы органдармен Іле, Тентек, Қырғауылды, Қарқара, Түрген, Жармұхамбет өзендерінің серпінді қауіпті учаскелерінде қорғаныс бөгеттерін салу бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді. Шұғыл әрекет ету жасағының құрамалары көпірлерді, құбырлы өткелдер мен арналарды тазалап, ықтимал төтенше жағдайлар орын алған жерлерде жағалауларды нығайту бойынша практикалық іс-шаралар пысықталды. Эвакуациялық қабылдау пункттеріне халықты эвакуациялау барысы, эвакуацияланған жатын жабдықтарымен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету мүмкіндіктері іс жүзінде пысықталды, - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Арнайы-тактикалық оқу-жаттығуларды өткізу үшін 300-ден астам адам және әр түрлі мақсаттағы 100 бірлік техника жұмылдырылды.


Өзгелердің жаңалығы