Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұлпарлар тұяғының дүбірі делебесін қоздыратын қазақ пен сәйгүлікті бөліп қарауға болмайды. Оның үстіне, "Қазақ – жылқы мінезді халық" деген сөздің өзі де ұлтымыздың болмысынан сыр шертіп тұр, дейді "Әулие-Ата" ат спорты клубы директорының орынбасары Төлеген Жұматаев.
Расында, ұлттық спорт түрлері – оңтүстік өңірлердің бренді. Содан да болса керек, жамбылдық көкпаршылар ел ішінде бәйге бермей жүр. Қайбір жылы Таразда көкпардан жастар арасындағы ел чемпионаты өткені бар.
Жартылай финалда "Әулиеата" мен маңғыстаулық команда кездесті. Маңғыстаулықтар өліспей беріспеді. Алайда, тараздық шабандоздар аз ғана басымдықпен жеңді. Сонда ғой: "Бұл қалай болғаны?" деп таңқалғандар болды.
Олар маңғыстаулық команданың намысын қорғаған көкпаршылардың жартысы жамбылдықтар екенін білмейтін...
Жалпы, "Әулиеата" көкпар командасы 1999 жылы құрылған болатын. 2004 жылы облысымызда ұлттық ат спорты түрлері мен көкпар ойынын дамыту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен "Әулиеата" көкбөрі клубы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының негізі қаланды. Ашылған жылдан бастап кәсіпорынды Нұрдәулет Момынов басқарып келеді. 2011 жылы облыс әкімінің қаулысымен "Әулие-Ата" көкбөрі клубының" атауы "Әулие-Ата" ат спорты клубы" болып өзгертіліп, ат спортының басқа да түрлерін өңір аумағында дамыту ауқымы кеңейді. Атап айтсақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, бәйге, оның ішінде аламан, топ, құнан, жорға және ұшқыр бәйге секілді ұлттық ойындар қамтылды, - деген Төлеген Жұматаев үш жыл бұрын "Ұлттық спорт түрлерінен "Әулие-Ата" кәсіпқой клубы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғанын айтты.
Мұнда ұлттық спорттың жеті түрінен ойыншылар дайындалады екен. Олардың алғашқысы көкпар болса, онда 4 жаттықтырушы 50 спортшыны кәсібилігін шыңдауда. Аударыспақ бойынша 2 жаттықтырушы 19 ойыншыны тәрбиелеп жатыр. Ал жамбы атудан 2 жаттықтырушы 20 спортшының әзірлігін жетілдіру үстінде. Теңге ілу ойынынан 1 жаттықтырушы 7 спортшыны, асық атудан 1 жаттықтырушы 15 спортшыны, құсбегіліктен 1 жаттықтырушы 7 азаматты, тоғызқұмалақ ойынынан 4 жаттықтырушы 62 спортшыны біріншіліктерге дайындап жатыр.
Клуб директорының орынбасары қазіргі таңда мекемеде 4 Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 31 Қазақстанның спорт шебері және 13 спорт шеберіне үміткер спортшылар жаттығатынын жеткізді. "Әулие-Ата" командасы әр деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, көптеген жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізіп жүр. 2018 жылы өткен ұлттық спорт түрлерінен "Ұлы Дала Рухы" фестивалінде, тағы да басқа республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарған.
"Әулие-Ата" командасының көкпаршылары Манарбек Дүйсенбиев, Құлажан Тоғайбаев және Бағлан Шырынбаев ұлттық құрама командасының сапында 2013 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен көкпардан бірінші ашық Азия чемпионатына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Ал үш жыл бұрын елордада өткен көкпардан Әлем чемпионатында Манарбек Дүйсенбиев, Атамекен Рүстемов, Бағлан Шырынбаев, Құлажан Тоғайбаев ұлттық құрама командасының сапында жеңімпаз атанды. Жастар құрама командасы да ел чемпионаттарының 6 дүркін жеңімпазы. Жамбы ату спорты бойынша жігіттеріміз Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанып, халықаралық аренада Жамбыл спортының мәртебесі биік екенін тағы да әлелдеді, - деді Т.Жұматаев.Екі жыл бұрын Оңтүстік Корея елінде өткен ат үстінде дəстүрлі садақ атудан әлем чемпионатында жамбылдық мергендер – Елдос Бадашев пен Абзал Тұлыбеков жеңімпаз атанғаны есімізде. Жақында көкпардан жастар командасының ойыншылары Қ.Тұрғанбек, Е.Жарылқасын, Е.Әзімбай, Е.Камелхан, Е.Мәлімбай ұлттық құраманың сапында Алматы қаласында өткен көкпардан жастар арасындағы Азия чемпионатында бірінші тұғырды еншіледі.
Жасөспірімдер арасындағы чемпионатта да "Әулие-Ата" командасы үшінші орынды иеленген.
Былтыр аударыспақтан Тараз қаласында өткен ел біріншілігінде Дәулет Ережепбаев, Нұржігіт Әмзеев және Данияр Смаиловтар жеңімпаздар қатарынан көрінген. Жамбы атудан да осындай деңгейдегі сайыста Абзал Тұлыбековтің жарқа еткені көпшіліктің әлі күнге көз алдында деп ойлаймын. Жаңақорған қаласында өткен жастар арасындағы ел чемпионатында Бақдәулет Бабажан бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ ол жастар арасындағы Азия чемпионатында да жеңістің ең биік тұғырынан көрінді, - деді мекеме
басшысының орынбасары.