Теледебаттың екінші раунды: партиялар журналистер мен көрермен сұрақтарына жауап берді

Теледебаттың екінші кезеңінде командалар сауалдарға жауап берді.

 Kazinform 12 Тамыз 2026, 21:54
12 Тамыз 2026, 21:54
153
Фото: Kazinform

«Jibek Joly» телеарнасындағы Құрылтай сайлауына қатысатын жеті партия өкілдерінің теледебатының екінші раунды аяқталды. Бұл кезеңде спикерлер журналистер мен көрермендердің сауалдарына жауап берді.

Әр партияға екі сұрақтан қойылып, жауап беруге 90 секунд уақыт берілді. Барлығы 14 сұрақтың жетеуін журналистер, қалған жетеуін көрермендер WhatsApp арқылы жолдаған.

Қойылған сауалдар

Журналистер партия өкілдерінен олардың сайлауалды бағдарламаларындағы нақты ұсыныстарын түсіндіруді және әлеуметтік мәселелерге қатысты ұстанымдарын нақтылауды сұрады.

«Ауыл» партиясының өкілі Ерболат Саурықовқа ауылдағы учаскелік полиция инспекторларын сайлау арқылы анықтау ұсынысы туралы сұрақ қойылды. Журналистер бастаманың заңнамалық негізін және оның қоғамдық тәртіпке ықпалын сұрады.

ОСДП өкілі Лариса Лиге бала немесе отбасының өзге мүшесі ауырған жағдайда жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болатын әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі қойылды.

«Әділет» өкілі Мәди Мырзағараев партияның қоғамда заңға құрметті қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жөніндегі нақты шараларын түсіндірді.

Қазақстанның халық партиясына социалистік бағыттағы ұсыныстарының экономикалық тұрғыдан қаншалықты жүзеге асатыны туралы сұрақ қойылды.

«Ақ жол» өкілі Бек-Мұхамед Жәукебаев кәсіпкерлерді қамауда ұстаудың орнына ақшалай кепіл енгізу бастамасына қатысты сауалға жауап берді. Бұл тетік азаматтардың заң алдындағы теңдігіне әсер етпей ме деген мәселе көтерілді.

Respublica өкілі Олжас Құспеков әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратпен күрес мәселесіне жауап берді.

Ал «Байтақ» партиясынан қоғамдық мүлікті бүлдіру мен вандализмнің алдын алу шаралары сұралды.

Көрермендер сұрағы

Көрермендердің сауалдары да әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді қамтыды.

Respublica өкілдеріне жастар арасындағы лудоманиямен күрес және ойынға тәуелді азаматтарға жүйелі көмек көрсету туралы сұрақ қойылды.

«Әділет» партиясынан «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде қалай жүзеге асыратыны нақтыланды. Атап айтқанда, бұл бағытта «Сергек» камералары мен айыппұлдарды көбейту жеткілікті ме деген мәселе көтерілді.

«Ақ жол» партиясына оның бұған дейінгі қызметіне қатысты сын айтылып, партия ірі бизнестің мүддесін қорғауға көбірек басымдық берді деген пікірге жауап беру ұсынылды.

ОСДП-ға өткен сайлаудан кейінгі парламенттік жұмысы мен қазіргі белсенділігі туралы сұрақ қойылды.

«Байтақ» партиясынан жол қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі ұсыныстары сұралды.

«Ауыл» партиясының өкілі Жазира Сұлтанқұловаға заңды сақтау қоғамның ортақ құндылығына айналуы үшін партияның бұған дейін не істегені туралы сауал жолданды.

Ал Қазақстанның халық партиясы құқық қорғау органдарына деген халық сенімін арттыру жолдарын түсіндірді.

Наверх