Израильдік профессордың қатысуымен диагностика стандарттары талқыланды

20 Қазан 2022, 14:57
1504
Бөлісу:
Израильдік профессордың қатысуымен диагностика стандарттары талқыланды

Қазақстанның эндокринологтары Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында израильдік профессордың қатысуымен эндокринология саласындағы диагностика және емдеу стандарттарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да жоғары білікті мамандардың бірі және эндокринология саласындағы сарапшы, профессор, м.ғ.д., Тель-Авив (Израиль) Эндокринология, метаболикалық аурулар және диабетология институтының басшысы Евгений Мошковичтің қатысуымен өңірлердің эндокринолог дәрігерлеріне арналған «Эндокринология саласындағы диагностика мен емдеудің заманауи стандарттары» шеберлік класы өтіп жатыр.

Басқарма төрағасы Роза Қуанышбекованың сөзінше, эндокринология, әсіресе қант диабеті проблемалары қазіргі әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Қант диабетімен ауыратындардың саны бүкіл әлемде қарқынды өсіп келеді: аурудан 530 миллионнан астам адам зардап шегеді. Бұл әлемдегі 20-79 жас аралығындағы барлық адамдардың шамамен 10% құрайды.

Бұл, бірінші кезекте, адамзаттың өмір салтының түбегейлі өзгеруіне байланысты туындап отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, балалар мен жасөспірімдер арасында сырқаттану көрсеткіші және қант диабетінің асқынуынан болатын өлім саны артуда. 2025 жылға қарай қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 2 есеге артады деген болжам жасалып отыр. Қант диабеті - соқырлықтың, бүйрек жеткіліксіздігінің, инфаркт пен инсульттің негізгі себептерінің бірі.

Мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасу мамандардың бір-бірінен озық тәжірибелерді үйренуге мүмкіндіктер береді. Қазақстанда дәрігерлерді оқытуға және қант диабетімен ауыратын науқастарды әлемдік стандарттарға сәйкес емдеуге мүмкіндік беретін озық медициналық препараттармен қамтамасыз етуге қаражат бөлінуде, - деп атап өтті Евгений Мошкович. 

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Даньярованың айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 400 мыңнан астам науқас тіркелген.

Науқастардың басым көпшілігі 95%-да – 2 типті қант диабеті, яғни, жасы мен өмір салтына немесе басқа да қауіп факторларына байланысты туындаған ауру. Ол преддиабет сатысында ауруды анықтаудың маңыздылығын атап өтті. 

Ақтау қаласынан эндокринолог дәрігер Сауле Уразалина, семинар қант диабетін, әсіресе балалар мен жасөспірімдердегі ауруды емдеу, алдын алу, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыру бойынша көптеген сауалдарға жауап береді, деген үмітін білдірді. Сондай-ақ, бөлімшені аралау барысында күрделі клиникалық жағдайлар қаралды. 

Эндокринологиядағы диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Семей, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан келген эндокринолог дәрігерлер мен клиника резиденттері қатысып жатыр. Оқыту барысында олар қант диабетін диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарымен танысты. «МСАК деңгейінде 2 типті қант диабетінің алғашқы профилактикасы», «Жүрек-қан тамырлары патологиясы және қант диабетімен зардап шегетін пациенттерді бақылауда ұстаудың проактивті тәсілі», «Бүйрек үсті безінің жеткіліксіздігі», «Қалқанша безінің гипофункциясы және жүктілік», «Гипертиреоз және жүктілік», «Остеопороз: диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдері» сияқты және т. б.тақырыптар талқыланып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы