Израильдегі қазақстандықтар үшін арнайы ұшақ жіберіледі - СІМ

9 Қазан 2023, 13:26
1205
Бөлісу:
Израильдегі қазақстандықтар үшін арнайы ұшақ жіберіледі - СІМ
Фото: СІМ

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кейбір авиарейстердің тоқтауына және бірқатар авиатасымалдаушының Израильде рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан елшілігі “Эйр Астана” компаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ одан әрі қауіпсіз жерге шығару үшін жұмыс жүргізуде. Осы уақытқа дейін елге оралуға 118 азамат ниет білдірді, - деді ол.

Ол Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде өз жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ Смадияровтың сөзінше, Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам ел азаматы болуы мүмкін.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильде қанша қазақстандық бар екенін айтып берді. Сонымен қатар ол Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ екенін нақтылады. 

Өңірде 7 қазанда басталған қарулы қақтығыс ХАМАС қозғалысының Израиль аумағын зымыран атқылауынан соң басталған еді. Соңғы мәлімет бойынша қаза болған палестиналық саны 370-ге жетті. Оның 20-ға жуығы бала. Газа секторына израильдік әуе шабуылдарынан кейін, 2 мыңға жуық адам түрлі жарақат алды. Ал Израильде кем дегенде 700 адам қаза тапты.

Өзгелердің жаңалығы