СІМ мәліметіне сәйкес, Израиль мемлекетінің аумағында консулдық есепте тұрған 123 Қазақстан азаматы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлік брифингінде расталмаған деректер бойынша Израильде қосымша 100-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін екенін айтты.
Есепте тұрған 123 Қазақстан азаматы ішінде Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен жанұя мүшелері де бар. Бірақ кейбір расталмаған дерек бойынша Израильде қосымша 100-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Олар консулдық есепке мүлдем тұрмаған. Бірақ бір-бірімен неше түрлі чаттарда, әлеуметтік желі арқылы араласып жатады, сол арқылы біліп жатамыз. Ондай азаматтардың консулдық есепке тұруға мәжбүрлей алмаймыз, – деді Смадияров.
Ресми өкілдің айтуынша, Иранда консулдық есепте тұрған Қазақстан азаматтарының жалпы саны 104 адам болып отыр.
Оның ішінде Қазақстан елшілігінің қызметкерлері және солардың отбасы мүшелері де бар. Бұған қоса Иран аумағында жұмыс істейтін Қазақстан компаниялардың бірінде 174 қызметкер бар. Олар вахталық тәсілмен жұмыс істегендіктен, консулдық есепке тұрмайды. Олардың бәрімен тікелей байланыс орнатылған, бәрі бақылауда, – деді ресми өкіл.
Бұған дейін Айбек Смадияров Израиль мен Иран арасындағы жағдай оңай емес екенін айтты.