АҚШ пен Иран арасында келісім жасалып, бітім орнағанына қарамастан Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Эн-Набатия провинциясы мен оған жақын аумақтарға соққы беруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы «Анадолу» агенттігі хабарлады.
Ливандық ақпарат құралдарының мәліметінше, түннен бастап Израиль әскери авиациясы елдің шығысындағы Бекаа өңірін, сондай-ақ Эн-Набатия провинциясына қарасты Бариш, Шеххур, Жоғарғы Набатия, Нумейрия, Шаукин, Хаббуш, Кеферджуз, Арабсалим, Зибдин, Саджид, Махмудия және Дейр-эз-Захрани елді мекендерін нысанаға алған.
Соңғы деректерге сәйкес, шабуылдар салдарынан 28 адам зардап шеккен.
Өз кезегінде Израиль тарапы америкалық-ирандық уағдаластықтар мен атысты тоқтату тәртібіне қарамастан Ливанның оңтүстігіне жасалған шабуылдар үшін «Хезболла» қозғалысын айыптады.
Израиль армиясының мәлімдеуінше, «Хезболла» жасақтары түні бойы Ливанның оңтүстігіндегі израильдік күштердің орналасқан орындарына 50 зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданып, бітім шартын бұзған. Ал Ливан аумағына бағытталған соққылар осы әрекеттерге жауап ретінде жасалғаны айтылды.
Хабарламада түнгі операция барысында ондаған зымыран қондырғысы, әскери қоймалар, басқару орталығы және «Хезболла» мүшелерімен байланысты нысандардың көзделгені көрсетілген.