Израиль 16 жастан асқан балаларға вакцина салуды бастады

5 Ақпан 2021, 08:44
1342
Бөлісу:
Израиль 16 жастан асқан балаларға вакцина салуды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Израильде жасы 16-дан асқандарға коронавирусқа қарсы вакцина салуға рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар24».

Биліктің түсіндіруінше, елде екпе бәріне жетеді. Оның үстіне бұл жоғары сынып оқушыларының еш қиындықсыз мектеп бітіру туралы аттестат алуы үшін жасалып отыр.

Осы күнге дейін препарат тек жасы 35-тен асқандарға ғана салынып келген.

Айта кеткен жөн, Израиль вакциналау қарқыны бойынша әлемде көш бастап тұр. Бүгінде препараттың бірінші дозасын 3 миллион 300 мың адам алған. Бұл халықтың шамамен үштен бірі.

Жасы 16-дан асқандарға екпе салдыруға болатынын ести салысыммен бірден сайтта тіркеуден өтіп, осында келдік. Вакцинаны мүмкіндігінше ерте алғанымыз дұрыс. Сонда тезірек қалыпты өмірге қайта оралатын боламыз, - дейді 31 жастағы тұрғын Тал Экрони.

Осындай көрсеткіштерге қарамастан, елде коронавирустың тарауы бәсеңдемей тұр. Сарапшылар оның екі себебі барын айтады. Біріншіден, қазір вирустың түрлі мутациялары тез тарап барады. Екіншіден, діндар еврейлер шектеу шараларын елемей, көп адамның қатысуымен жиындарын, үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізіп келеді. Оның үстіне олар вакцина салдырудан бас тартып отыр.


Өзгелердің жаңалығы